Ақтөбеде саяжай бірлестіктерінің мәселесі қаралады

Ақтөбеде саяжай бірлестіктерінің мәселесін зерделеп, шешу үшін жол картасы әзірленеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрамына тиісті құрылымдар мен коммуналдық мекемелер және қоғамдық кеңестің өкілдері енген жұмыс тобы ауқымды істі қолға алған. Атап айтқанда, бау-бақша аумақтарындағы нақты ахуалды талдап, ұжымдарды тұрғын үй алаптарына көшіруге жағдай жасайтын шараларды әзірлейтін болады. Алдымен саяжай учаскелерін электр қуатымен, су және газбен қамтуға баса көңіл бөлінбек. Себебі желілердің көбі тозып, тиісті ұйымдармен келісімшарт жасалмаған. Жұмыс тобы саяжай аумақтарындағы жер телімдерін, құрылыс нысандарын түгендейді.

Жалпы, қала аумағында 420-дан астам бау-бақша ұжымы бар. Онда ондаған мың адам тұрады.

Айдос Хамиев, қала әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі таңда 103 бау-бақша кооперативтері иесіз болып табылады. Олар бойынша түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр және одан әрі ол аймақтарда дамыту шаралары қабылданады.  һБұған қоса жұмыс тобының аясында осы бау-бақшаларға қажетті әлеуметтік нысандардың қажеттілігі анықталатын болады.