Ақтау тергеу изоляторында қырағы көзді әйел қызметкер жұмыс істейді

Жаны нәзік болса да, әртүрлі салада қызмет етіп жүрген аруларымыз қашанда зор қошеметке ие. Соның бірі – «Қырағы көзді бақылаушы». Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкері Жұлдыз Құлманованы әріптестері осылай атайды. Кіші сержант погонын таққан келіншек Ақтаудағы тергеу изоляторында жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Тергеу изоляторында отырғандарға берілетін сәлемдемелер мұқият тексеріледі. Талап бойынша әрқайсының салмағы 20 келіден аспауы тиіс. Таразыда өлшеген соң бақылаушы Жұлдыз Құлманова тағамдардың арасында тыйым салынған заттардың болмауын қарайды. Жуырда түзеу мекемесінде заңбұзушылық дерегі тіркелді. Бақылаушы келіншек тез дайындалатын кеспелердің арасынан бірнеше телефон тапқан.

Тез дайындалатын кеспелердің ішінен бірнеше телефон шыққан.

Жұлдыз Құлманова, №77 түзеу мекемесінің бақылаушысы:

- Сәлем-сауқат бөлмесіне бір адам өзінің туысына телефон салып алып келген. Роллтонның ішінен кішкентай телефонның 3 түрі шықты. Фольгаға оралған. Тексеру бөлмесінен өткен кезде ол әйел кішкене қобалжып тұрды. Қараған кезімде мен де сезіктене бастадым.

Шұлыққа және көйлегінің ішіне ақша орап, түрмедегі туысына бермек болған тұрғын да қырағы көзді полицей назарынан құтыла алмады. Күдікті сотталушымен кездесу кезінде 420 мың теңге бермек болған. Заңға қайшы әрекеті үшін енді сот алдында жауап береді.

Сәкен Жарылқапбаев, №77 түзеу мекемесінің бөлім басшысы:

- Қысқа мерзімде тыйым салынған заттардың 2 дерегі анықталып, барлығы сотқа жолданып тиісті шаралар қабылданды. Жұлдыздың жұмысқа деген ынта-жігері тек алға қарай көрініп тұрады. Кез келген затқа мұқият қарап, өзін оң жағынан көрсете біледі. 

Қызметте қатал Жұлдыз – үйде мейірімді ана. Жолдасымен бірге 3 бала тәрбиелеп отыр. Былтыр жоғары оқу орнын аяқтап, заңгер атанды. Кіші сержант келешек жоғары офицерлік және басшы құрам қатарынан көрінуге үмітті. Формадағы арудың жұмыс орнында тағы 10-нан аса әйел өз қызметін абыроймен атқарып келеді.   

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.