Өскемен қаласының көшелерін су басты. LIVE

Шығыс Қазақстан облысында күн жылынғалы тасқын қаупі күшейе бастады. Облыс орталығы Өскеменде еріген қар суына жаңбыр қосылып қала көшелеріне жайылып жатыр. Коммуналдық қызмет тәулік бойы жұмыс істеуге көшті. Күн-түн демей, жол үстін судан құрғату шаралары ұйымдастырылып жатыр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Қазір сынап бағанасы +7 градусы шамасында. Әрине, ұзақ қыстан соң біз үшін өте жайлы температура. Алайда коммуналдық сала үшін нағыз қарбалас шақ. Қар​ болса қалың, тоқтаусыз еріп жатыр, бұл аз болғандай, жауын да қосылып, мінеки, көшелер осылай лезде көлкіген суға толып кетіп жатыр. Таза Өскемен мекемесінің мамандары күн демей, түн демей, қала ішін арлап жұмыс істеп жүр. Бұған қоса жедел желі де іске қосылды,сол телефондарға тұрғындар хабарласып, су басып жатқан жер жайлы ақпарат бере алады. Осы еріген суын сору жұмыстарына 50 адам, 10 шақты техника және 20 мотопомпа жұмылдырылыпты. Әзірге осы​ жеткілікті екен. Қазіргі сәтке дейін 4 мың текше метрден астам су шығарылыпты. Шаһардың әр бөлігінде осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Иә​ енді су Өскемнннің ішінде көшелерге ғана жайылып жатыр. Әзірге аулаға немесе үйге су кірді деген ақпарат жоқ. Облыс көлемінде де ондай мәлімет жоқ. Дегенмен әйтеуір дайындық мықты көрінеді. Техника болсын, инертті материалдар болсын, сақадай сай дайындап отыр.

Өлкеде өзен көлдерде мұз көбесін сөгу жұмысы белсенді ​жүріп жатыр. ТЖ мен атқарушы орган өкілдері бірігіп атқаруда. Әзірге Ертіс, Бұқтырма, Күршім өзендеріндегі сірескен мұз бұзылып, ағысқа жол ашылды. Сең жүріп кетпес үшін тура қазір Күршімде тағы да жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шемонайха ауданындағы Жоғарғы Уба өзені де мұздан босатылып жатыр. Өйткені оның қалыңдығы 1 метрден асып кеткен екен. Бұнымен қатар ең қажетті зат инертті материалдар тәулік бойы әзірленіп жатыр. Өйткені дәл осы қап-қап құм – су қаптаса, ауадай қажет материал. Мысалы, Таза Өскемен мекемесінің мамандары түнгі, күндізгі ауысымға бөлініп, осы құмдарды мөшекке салып дайындап жатыр. Тіпті тасуға ыңғайлы болу үшін 4-5 күректен ғана құм салынып жатыр.

Мінеки тасқынға әзірлік осылай.Негізінен облыста 71 елді мекен тасқын қауіпінде тұр. Өскеменде 11 учаске анықталып отыр. Енді осы әзірліктің сапасын, меніңше, жақын арада көретін боламыз. Әзірге Төтенше жағдайлар департаменті де, атқарушы орган өкілдері де, тұрғындар да демін ішке тартып, қалай болар екен деп әліптің артын бағып жатыр. Қауіп көп, өйткені бүгін-ертең тағы да жаңбыр жауады деген болжам бар.