Қарағандыда қоғамдық көлікті 40 жыл тізгіндеп келе жатқан әйел адам бар

Қарағандыда қоғамдық көлікті 40 жыл тізгіндеп келе жатқан әйел адам бар

Қарағанды қаласының тұрғыны Мұңсыз Тілегенованың қоғам көлік тізгіндегеніне биыл тура 40 жыл толып отыр.

Жауапты жүргізуші осы аралықта бір де бір рет жол ережесін бұзбаған, басшылықтан да ешқандай ескерту алмапты. Жасы 60-қа келсе де әлі еңбек етіп жүр. Мереке қарсаңында Мұңсыз апаны әріптестері де, облыс басшысы да қос мерейтойымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Таң атпастан жұмысқа келетін Мұңсыз апаны бұл күні тосын сый күтіп тұрды. Әріптестері қос мерейтой иесін ерекше құттықтап, құрмет көрсетті. Биыл апамыздың жасы 60-қа келсе, қоғамдық көлік жүргізіп жүргеніне тура 40 жыл толған.

Нұрзат Ақылбеков, №3 автопарктің жүргізушісі:

- Енді біз өзіміз Марина дейміз, Мұңсыз апай бізге үлгі. Аман-есен осы жерден зейнетке шықсын. Ауырмасын. Бізге білетінін үйретіп жүреді. Көп жыл істеген адам, стажы бар. 

Мұңсыз Тілегенова Ақтөбе облысының тумасы. Сол жақта 19 жыл тролейбус жүргізген. Кейін Қарағандыға көшіп келіп, бірден автобус тізгініне отырды. Содан бері оның атына жолаушылар тарапынан бірде-бір шағым түспеген. Автопарк басшылығының айтуынша, ешқашан жол ережесін де бұзбапты. Апамыз қанша рет жарақат алса да сүйікті жұмысынан бас тарпай келеді.    

Мұңсыз Тілегенова, №3 автопарктің жүргізушісі:

- Температура көтерілмей жатыр. Арттағы вентилятордың ременін алып тастайын деп соған бардым. Енді отвертканы салып, ременьді аламын деп жатқанда қызым байқаусызда, сіздің даусыңызды естіген сияқты болдым деп, анау кнопканы басып қалған уақытта, айналдырып жіберіп, саусағымды алып кетті.  

Мұңсыз апа тәулігіне 14 сағат жұмыс істейді. Еңбекқор жан ең ұзақ 43-маршрутты таңдап алған. Қаладағы автобус жүргізетін жалғыз әйелді жолаушылар да жазбай таниды екен.

Рахметолла Мақашев, қала тұрғыны:

- Бұған мен осымен 3-4 рет мініп тұрмын. Ең бірінші көргенде ойлағанмын, анадай кісі автобус жүргізе алмайтын шығар деп. Әжептәуір жаста ғой енді. Жақсы жүргізіп жүр.

Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында Мұңсыз апаны аймақ басшысы да жеке қабылдап, сый-сияпат жасады. Бұл күні облысымыздың әр саласында адал еңбек атқарып келе жатқан аяулы жандарға құрмет көрсетілді.  

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар