«АрселорМиттал Теміртауда» кран қондырғысын жаңартуға 8 млрд тг астам қаржы бөлінді

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы кран қондырғысын жаппай жаңартуға 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөліп отыр.

"Бірінші кезекте конвертор және қаңылтыр илеу цехтарындағы ескі крандар ауыстырылады. Ал кейін жаңасымен сұйық металл және дайын өнім тасымалданады. Сондықтан еңбек қауіпсіздігін нығайту үшін бұл қондырғылардың берік болуы аса маңызды", - дейді мамандар.

Кран орнынан қозғалған бойда дәл осылай қатты дыбыс шығарады. Демек, төмендегі жұмыскерлер барынша сақ болуы тиіс. Себебі мұндағы крандардың кейбірі 420 тоннаға дейін жүк көтереді. Қазір комбинатқа жаңа қондырғылар келді. Барлығы да халықаралық талаптарға сай жасалған.

Михаил Коноваленко, №1 Қаңылтыр илеу цехының басшысы:

- Біз 90 күн ішінде ескі крандарды түгел бұзып, жаңасын орнатамыз. Сөйтіп бірінші кезекте техника қауіпсіздігін нығайтамыз. Еңбек өнімділігі де артады деген жоспарымыз бар.

Қаңылтыр илеу цехының жылдық өндірістік қуаты 4 млн тоннадан асады. Сонымен қатар комбинат өнімінің тең жартысы дәл осы цехтан жөнелтіледі. Мұнда қазір 600-ден астам адам еңбек етсе, соның 117-сі кран машинисті. Компания басшыларының айтуынша, жаңа кран қондырғылары заманауи технологиямен жұмыс істейді.

Жәнібек Әменов, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ техникалық директорының көмекшісі:

- Ақылды крандар деп есептеуге болады. Себебі оның эргономикалық кабиналары болады. Кран операторының көру радиусы ұзарады. Сондай-ақ қауіпті жерлерді анықтайтын лазерлер орнатылады.           

Бірінші кезекте конвертор және қаңылтыр илеу цехындағы 7 кран ауыстырылады. Жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асады. Жыл соңына дейін жаңа қондырғылардың барлығы орнатылуы тиіс. Оған дейін машинистер заманауи кранда жұмыс істеудің қыр-сырын үйреніп, біліктіліктерін жетілдіреді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар