Елде егістік алқаптары 70 мың гектарға ұлғайды

Еліміздің егіс алқаптары 70 мың гектарға жуық аумаққа ұлғайды.

Биыл жалпы 23 жарым миилион гектар жерге егін егіледі. Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, бұл ішкі нарықты бидай және басқа да дәнді дақылдармен қамтуға толық жетеді. Биыл дәнді және майлы дақылдар мен қант қызылшасын отырғызуға басымдық беріледі. Күнбағыс, көкөніс, бақша мен картоп егістіктері де ұлғаяды. Көктемгі егістік жұмыстарын жүргізуге ел өңірлеріне 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның 1 литрінің бағасы 184 теңге болып бекітілді. Сондай-ақ, шаруаларды қолдау көрсету мақсатында субсидиялар беріліп жатыр.

Әбілхайыр Тамабек, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына 140 млрд теңге көлемінде қаржыландыру пысықталды. Аграрлық несие корпорациясы бұл қаражаттың бөлінуін күтпей-ақ, қолда бар ресурстар есебінен желтоқсан айынан бастап қаржыландыруды бастады. Жалпы, 3 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қамтып, 2 миллион гектарға жуық алқапта егін егу мен жинауды қамтамасыз ету жоспарлануда.