ШҚО-да қар көшкінінің алдын алу шаралы жүргізіліп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні қаупі сейілер емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені әлі де ақ ұлпа сіресіп жатқан аумақтар жетерлік. Мәселен, өткен мейрам күндері Өскемен-Алтай, Үлкен Нарын-Рахман қайнары бағытында тау беткейіндегі қар өздігінен сырғып, республикалық жолды басып қалған болатын. Зардап шеккендер жоқ. Үйілген қар бірден тазаланды. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін «Қазселден қорғау мекемесі» аптасына бір емес, бірнеше рет жарылыс жасап, қарды төмен түсіріп жатыр. Осы уақытқа дейін 335 мың текше метрге жуық қар жол бойынан күрелді. Дәл бүгін Өскемен-Алтай бағытындағы тау арасында 5 рет профилактикалық шара өтті.

Омар Дүзгінбаев, "Қазселденқорғау" ММ облыстық филиалының басшысы:

- Осы жарылыстың нәтижесінде 23700 текше метр қар көшкіні құлатылып түсірілді. Филиал мамандары бүгінгі күні күшейтілген режімде жұмыс жасап жатыр, өйткені қардың қалыңдығы 30 см-ден 150 см-ге дейін, сондықтан да біздің бақылаушыларымыз күнделікті осы мәліметтерді орталық диспечерлік пунктіне беріп тұрады.