Елімізде ауыл медицинасы мен фармацевтика саласын дамыту көзделіп отыр

Өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу көзделіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұған қоса 32 көпбейінді орталық аудандық аурухананы жаңғырту жоспарда бар. Онда инсульт орталықтары, кардиология, жансақтау және оңалту бөлімшелері ашылып, заманауи аппараттармен жабдықталады. Ауылдық денсаулық сақтау мекемелері үшін 1 100 медицина қызметкерін даярлау іске асады. Алдағы жоспармен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бөлісті. Премьер-Министрдің төрағалығымен Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Әлихан Смайылов биыл құрылысы басталатын медициналық нысандарға әкімдік жер учаскесін бөлу жұмыстарын 1 апта ішінде аяқтауы тиіс екенін ескертті.

Сонымен қатар кеңесте елімізде өндірілген дәрі-дәрмектердің ішкі нарықтағы үлесін 50%-ға дейін жеткізу жөніндегі шаралар қаралды. Соңғы бірнеше жылда Қазақстанның фармацевтика саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Шығарылатын препараттардың көлемі ұлғайып жатыр. Алайда олардың ішкі нарықтағы үлесі баяу өсіп жатыр, қазіргі көрсеткіш – 28%. Бұл ретте Үкімет басшысы дәрі-дәрмек өндірісін жыл сайын тұрақты түрде ұлғайту қажеттігін айтты. «Фармацевтикалық кәсіпорындардың барлығына ревизия жүргізу керек. Біз олардың даму әлеуетін және қуатын арттыру мүмкіндіктерін нақты білуіміз қажет. Онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған препараттарға ерекше назар аудару маңызды. Ол үшін алдағы жылдарға қажеттілікті ескере отырып, осындай дәрілік заттардың тізбесі бекітілуі тиіс» - деді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Біз дәрі-дәрмек өндірісін жыл сайын тұрақты түрде өсіруіміз керек. Бұл шаралар ішкі нарықты отандық өндірістегі дәрі-дәрмектердің өндірісін 50%-ке дейін жеткізу жөніндегі жол картасында көрсетілуі тиіс. Ал сол жол картасын 1 ай мерзімінде бекіту қажет.