Астанада әжелер арасында ерекше байқау өтті

Ел астанасында алғаш рет әжелер арасында «Super әже-2023» байқауы өтті. Мерекелік сайыста қатысушылар халық билерімен, вокалдық нөмірлермен өнер көрсетіп, өздерінің авторлық өлеңдерін айтты. Шараның мақсаты – өскелең ұрпақты әжесін сыйлауға, аналарды құрметтеуге тәрбиелеу. Сондай-ақ жастар бойына адамгершілік, мейірімділік қасиеттерін сіңіру, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерлан Шаншархан, тілші:

- Ата – өмірдің қуанышы мен тірегі, әже – оның жұбанышы мен жүрегі. Иә, қазақ халқы әрқашанда әжелерімізді құрметтеген. Осы орайда елорда төрінде талантты әжелер арасында мерекелік сайыс өтті. Байқауға түрлі өңірден үздік 10 қатысушы өнерлерін дайындап келген туындыларын көпшілікке паш етті. Солардың бірі – Талдырқорған қаласынан тың дайындықпен келген Батима әже. Ол аталмыш шараға қазақтың ою-өрнегімен тігілген арнайы туындысын көрсетіп, бір шумақ өлең оқып берді.

Абдрахова Батима, сайысқа қатысушы:

- Қазір мен поэзия клубында қатысамын. Мен өлең оқимын.

Бір құдірет бізді өмірге жолдайды,

Біз өмірді сүймейміз, сол қайғы.

Туа сала таудай бақыт тілейміз,

Ал шынында, бақыт күнде болмайды.

Байқауға 63 пен 76 жасқа дейінгі зейнет жасындағы әжелер қатысты . Олардың қатарында жоғары санатты мұғалімдер мен дәрігерлер, дәстүрлі әншілер және республикалық еріктілер қозғалысының қатысушылары бар. Сайыстың аты сайыс болғандықтан ардақты әжелеріміз әділ бағасын алды. Сонымен «Super әже-2023» байқауының жеңімпазы 6 немеренің әжесі, өмірінің 50 жылын шәкірт тәрбилеуге арнаған ұлғатты ұстаз – Күлпаш Қалқабекова. Ол ақшалай жүлдені иеленді. 

Күлпаш Қалқабекова, сайыс жеңімпазы:

- Өмір бойы ұстаз болдым, мұғалім болдым. Жасөспірімдерді мыңдап, жүздеп тәрбиеледік. Өзімнің отбасымда 5 балам, 6 немерем бар. Оларды да жақсы тәрбиеледік.

Дегенмен жүлдеден ешкім құр алақан қалған жоқ. Қатысушылардың барлығы түрлі аталымдар бойынша марапатталды.

Бибігүл Жанбөбекқызы, сайыс ұйымдастырушысы:

- Бұл жерде 10 апамыз қатысады. Оларға арнайы өздеріне қатысқаны үшін номинация бар, арнайы жүлделері бар. Сонымен қатар өз өнерін көптеген және білімге байланысты сұрақтарға жауап береді.

Ерекше байқау енді жалғасын таппақ. Ұйымдастырушылар игі шараны дәстүрге айналдырамыз дейді.

Авторлары: Ерлан Шаншархан, Серік Қоңырбаев.