Құтқарушылар мұздың жұқаруы жөнінде ескертіп жатыр

Наурыздың соңында күн күрт жылынады. Мамандар осындай болжам жасап отыр.

Ал өзен-көлдердің бетіндегі мұздың тез еруі әсіресе балықшылар мен балалар үшін қауіпті. Төтенше жағдайлар департаменті күзгі-қысқы маусым кезеңде еліміздің су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 10 адам суға батып кеткенін мәлімдеді. Оқыс оқиғаның басым көпшілігі балық аулау кезінде болған.

Қыс кезінде 15 сантиметр мұз бір адамның салмағын көтерсе, көктем келе оның қалыңдығы күн сайын жұқарады. Әзірге мұз қабаты әр жерде әртүрлі. Құтқарушылар өзен маңын торауылдау жұмыстарын жүргізіп, қауіпті аймақтарға ескерту белгілерін орнатуды бастады. Сондай-ақ білім ошақтарында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүр.

Оразхан Дәуітов, Астана қ. ТЖД «Жедел құтқару жасағы» басшысының орынбасары:

- Бізде 74 құтқарушы жасақта. Жедел құтқару жасағында. Біздің қайықтар осы Есіл жағасындағы патрульдеу жұмыстарына жетіп жатыр. Біздің үрмелі қайықтарымыз бар, темір қайықтарымыз бар, кательдер бар және шомылу мерзімі жаңағы жұқа мұз кездерінде біздің құтқарушылардың атқаратын жұмысы осы Есіл өзені сағасында оқыс оқиға болдырмау.