Павлодар жастары киіз үй тігуді үйреніп жатыр

Наурыз мерекесі қарсаңында Павлодар жастары киіз үй тігуді үйреніп жатыр. Мұндай шеберлік сабақтар өскелең ұрпақты ұйымшылдыққа тәрбиелейді және олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тарихи деректерге сүйенсек, көшпенділердің негізгі баспанасы болған киіз үй алғашқы сәулеттік құрылысқа жатады. Көшіп-қонуға ыңғайлы. Жазда салқын, қыста жылы. Алғашқы шеберлік сағатқа қатысқан Ассамблея жастарын киіз үйдің жасалу тарихы қызықтырды.

Ельдар Захаров, татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жастар көшбасшысы:

- Киіз үйді жинау қиын емес екен. Маған өте қызық болып тұр. Өйткені өзім  құрылыс саласында жұмыс істеймін. Жалпы, киіз үйдің шегесіз құрастырылатыны таңғалдырды. Керегенің түйіскен жері қайыспен байланған. Ал уықтың керегеге бекітілетін  жағына уық бау өткізіледі. Шаңырақтың түзу әрі берік болуы ол уыққа байланысты.

Шебер Әжібек Әсенұлы тұрмыста жиі қолданатын кереге, шаңырақ сөздерін кейінгі ұрпақ біле бермейтінін айтады. Сондықтан әрбір шеберлік сағатында киіз үй жабдықтары туралы әңгімелейді.

Әжібек Әсенұлы, шебер:

-  Ата-бабамызда ертеде темір-терсек болған жоқ. Сондықтан тері, ағаш қолда болды. Сол мына киіз үйдің 90%-і киіз, тері, малдан алынған. Содан кейін ағаш, ана уығы, керегесі талдан жасалған. Қазір енді, міне, біздің киіз үйге шетелдер де қызығып жатыр.

Азамат Әуешов, Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры:

- «Рухани тимбилднинг» десек болады. Себебі киіз үйді жинау үшін кем дегенде бір 5-6 адам қажет. Биыл ғана осылай бірінші рет бастап жатырмыз. Бұны енді бір дәстүр ретінде жыл сайын наурыз айы бойы жастарға, аманшылық болса, үйретеміз.

8 қанатты киіз үйді жастар 1,5 сағатта жинап шықты. Ұйымдастырушылар келешекте шеберлік сағатты табиғат аясында өткізуді жоспарлап отыр. Енді аймақтың белсенді жастары мен волонтерлер қатысуға ниет білдіріпті. Көненің көзі болғанымен, әлі күнге дейін құндылығын жоймаған асыл мұрамызды кеңінен дәріптеу – басты мақсатымыз, - дейді олар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.