Павлодарда жол жөндеу жұмыстары ерте басталды

Павлодарда жол жөндеу жұмыстары жылдағыдан ерте басталды.

Биыл қаланың көшелерін жаңа технологиялардың көмегімен қалпына келтіреді. Мамандар жұмыстың сапасы жоғары болады деп сендіріп отыр.

Жол жөндеу жұмыстарының наурыздың ортасында басталғаны өңір үшін тың жаңалық болды. Бұған жаңа инновациялық технологияның арқасында қол жеткен. Ол асфальтты  кез келген  ауа райында төсеуге  мүмкіндік береді.

Әбілқасым Оспанов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Суық күндері де жұмыс істей беруге болады. Битумның концентрациясы жоғарылаған сайын тығыздығы арта түседі.

Еріген қар суы шайып кеткен асфальт жолдардағы шұңқырларға сұйық битум құйылып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай шұңқырлар енді оңайлықпен бұзыла қоймайды.

Максим Стрюк, жол жөндеу бөлімшесінің басшысы:

- Қазірдің өзінде 200 шаршы метр шұңқырды толтырдық. Жұмыс әрі қарай жалғаса береді. Қажетті материалдар қоры жеткілікті.

Жол сапасына қатысты барлық шағымды қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық  бөлімі қабылдайды. Қазір жөндеу бригадалары екінші Павлодар ауданында жұмыс атқарып жатыр. Облыс орталығына кіреберіс жолдар да қалпына келтіріледі.

Әбілқасым Оспанов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Біз әлеуметтік желілерге мониторинг жүргіземіз. Тұрғындардан түскен шағымдар зерттеліп, арнайы тізім жасалады. Оны біз шұңқырларды жабумен  айналысып жатқан мердігер ұйымдарға жібереміз. 

Былтыр Павлодардың орталық көшелері күрделі жөндеуден өткен болатын. Бірақ қыс кезінде инженерлік желілерден ақау шығып, кейбір жерлерде асфальтты бұзуға тура келген еді. «Мамандар биыл мұндай олқылықтар қайталанбайды», - деп сендірді. Енді жол құрылысы коммуналдық саланың жұмысы аяқталғаннан кейін барып жүргізіледі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат