Қобда ауылына келген судың деңгейі төмендеді

Қобда ауылының тұрғындары жанын шүбереке түйіп отыр. Шеткері тұрған 35 үй мен бірнеше әлеуметтік нысанға су жайылған. Кей жерде тізеден келеді.

Жұрттың біразы ағайындарын, бір бөлігі аудан орталығындағы эвакуациялық ғимаратты паналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Қобда ауылына еріген қар суының келгені туралы ақпарат бүгін таңда пайда болды. Белгілі болғандай, су далалық алқаптан келген. Нәтижесінде көрші Батыс Қазақстан облысы мен жақын аудан Ойылға баратын жолды су шайып кетті.

Ал Қобданың шетіндегі ондаған үй мен бірнеше ғимаратқа су кірді. Атап айтқанда, 15 баспана және дәмхананың, дене-шынықтыру-сауықтыру орталығының ішіне еніпті. Ауылдағы бір мектептің де ауласын су басқаны туралы ақпарат бар.

Марғұлан Аманбаев, облыстық ТЖД бастығы:

- Аулыға қаупі өте жоғары болды. Себебі бұл ауылда 6 мың адам, 1500 үй тұрады. Соған байланысты шұғыл іс-шаралар қолданудың арқасында, «Самара-Шымкент» республикалық жолды бұзу арқылы суды біз басқа жаққа бұрып ағызып жібердік. Ол – облыс әкімі мен біздің министрліктің шұғыл шешімі.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Ал үйлерін су басқан тұрғындар өткен түнде-ақ қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл аудан орталығында 2 бірдей эвакуациялық орын жасақталған. Оның бірі аудандық аурухана болса, екіншісі – спорт мектебі.

Қазір 2 бірдей орында да 40-қа жуық адам жатыр. Тұрғындардың көбі ауылдағы тума-туыстарына кетіпті. Ал олардың қолында бар ірі қара және ұсақ малдар да басқа жерге көшірілген. Яғни, қора-қопсысы дайын елді мекендегі кейбір тұрғындардың үйлеріне беріліпті. Сондай-ақ шаруа қожалықтарына да жүктелген көрінеді.

Болат Құлов, Қобда ауданының әкімі:

- Су енді толығымен кеткеннен кейін біз енді зардап шеккен әрбір үйді зерттейміз, арнайы комиссия құрылады. Сәйкесінше соның зардабын анықтап, шығынын есептеп, содан шығынын толығымен жабатын боламыз.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Ауылда үздіксіз жұмыс жүргізіп жатқан төтенше жағдай қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың мамандары қазір елді мекенге төніп тұрған қауіптің жоқтығын айтады. Өйткені судың беті қайтқан. Шамамен осы уақытқа дейін 20 мың текше метрге дейін су сорылыпты.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.