Ақмола облысында туристік нысандарға мемлекеттен қолдау көп

Жергілікті кәсіпкерлерге субсидия беріліп жатыр. Оған бірі демалыс орнын жаңғыртса, енді бірі техникалық базасын нығайтқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Зеренді ауданындағы балаларға арналған демалыс орны. Жыл сайын осы лагерьде шетелден және республиканың әр қиырынан  мыңдаған балғын келіп демалады. Соңғы жылдары жас туристердің артуына байланысты кешенде орын тапшылығы сезіле бастаған. Сол себепті былтыр демалыс орталығында қосымша жаңа ғимарат бой көтерді. Жоба құны – 75 млн теңге. Ал құрылыс шығындарының 10%-і мемлекеттік қолдау аясында төленген.

Қайрат Сұлтанов, демалыс орталығының басшысы:

- Бұл – мемлекет тарапынан маған көрсетілген үлкен көмек. Біз Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып өтініш бердік. Нәтижесінде ең бірінші қолдау бізге көрсетілді. Бес қабатты жаңа ғимарат 150 орынға шақталған. Электр энергиясын үнемдейтін түрлі технологияларды қолданып жатырмыз. Балғындар үшін барлық мүмкіншілік пен жағдай қарастырылған.

Облыс орталығындағы қонақүйлердің бірі де мемлекеттік қолдауға ие болды. Олар туристер тасымалдайтын 2 автобус сатып алған. Енді қонақүйге келген демалушыларға арнайы экскурсия ұйымдастырылады. Айталық, техника құнының төрттен бір проценті субсидия есебінен төленді.

Мәрлен Досмағамбетов, қонақүй директорының орынбасары:

- Қолдау шаралары өте жақсы. Әсіресе шағын бизнеске 25% субсидия қарастыру – кәсіпкерлерге зор мүмкіндік. Қазіргі уақытта 2 техника да туристерге қызмет көрсетеді. Көкшетау-Бурабай бағытында күнделікті қатынап тұрады.

Субсидия алғысы келетін кәсіпкер көп. Қазіргі уақытта атқарушы билік өкілдері 10 туристік нысанның өтінішін қарастырып жатыр. Шамамен 100 млн теңге бөлінеді деп жоспарланған.

Андрей Подгурский, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Мемлекеттік қолдаудың арқасында туристік нысандар инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, қызмет көрсету сапасын арттырады. Сондай-ақ демалыс орындарында кеңейтуге мүмкіндік береді. Біз жоба аясында өз инвестициясын салуға ниетті әр кәсіпкерді қолдауға дайынбыз.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін тек қонақүйлер мен демалыс орталықтары ғана емес, жол бойындағы сервис нысандары да алуға құқылы. Сондай-ақ субсидия курорттық аймақтарда санитарлық-гигиеналық тораптары бар кәсіпкерлерге қолжетімді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шикаренко.