Астанаға жас ғалымдар жиналды

Елордадағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектепте «Биомедицина, инженерия және технологиялар» атты ХII «Наурыз кездесулері» өтіп жатыр.

Бұл мектеп жасындағы жас ғалымдардың басын біріктіретін дәстүрлі жоба. Бір ерекшелігі биылғы кездесуге келген 150-ге жуық қатысушының 50-і ауыл мектебінің өкілі.

Әлемде климат өзгеріп, техногендік апат жиіледі. Зілзаладан, от пен судан жалпы тілсіз жаудан жыл сайын мыңдаған адам өміріне қауіп төніп, тағы мыңдағаны ажал құшады. 10-шы сыныпта оқитын Жұматай Жәнияның жобасы қалың үйіндінің астында қалған жандарды тауып, оларға дер кезінде қажетті дәрі-дәрмек, ас-су жеткізіп беруге таптырмас құрал. Ол қашықтықтан басқарылып, қуыс-тесікке кіріп кетеді. Осылайша адам жанын аман алып қалуға септеседі. Жоба Германияның Дортмунд қаласында 80-ге жуық ел қатысқан ғылыми байқауда үздік ондыққа енген.

Жәния Жұматай, Талдықорған қаласы нзм 10 сынып оқушысы:

 - Жақында Түркия мен Сирияда болған жер сілкіністері осы мәселеге дәлел болып келеді. Бұл жерде екі жақты камера жарақат алған адам және эксперт, құтқарушылармен байланысу үшін. Бұл жердегі тепловизор адам температурасын өлшеп, сол бойынша адамдарды табады. Ол тірі не тірі емес екенін көрсетеді.

Дәстүрге айналған «Наурыз кездесулерінің» бір ерекшелігі - замануи ғылым мен көне салт-дәстүрді біріктіреді. Бұл тарапта Диас Қабылбековтың жобасы бірегей. Ол кәдімгі қазақы қайқыбас төсектің адам анатомиясына пайдасын дәлелдеген.

Диас Қабылбеков, Шымкент қаласы НЗМ 11 сынып оқушысы:

 - Қайқыбас төсек ол көптеген ортопедиялық, омыртқа, мойын ауруларының алдын алуға көмектеседі. Біздің төсек үш кезеңінен тұрады ол 180,45 және 30 градус. Әр градус әр-түрлі адамға арналған. 180-ол қарапайым жатуға арналса, 45-градус аяғы ауыр әйелдерге арналған. Ал 30 градус ол көптеген аяқ травмалары аяқтың ісінуі не варикоз –тамырлардың кеңейіп кетуі немесе жай ғана аяқтың травмасы кезінде. Төсекті ежелде ата-бабамыз белсенді қолданған.

Жас ғалымдар жиынында денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект, робототехника, машиналық ойлау және деректерді енгізу жобалары жұрт назарына ұсынылады. Үздік шыққандары қолдау тауып, авторларына елдегі беделді ЖОО-ның гранты беріледі.

Әнуар Жанғозин, НЗМ ДББҰ басқарма төрағасы: 

 - Бізде 150 қатысушы болса, оның 50-і ауылдан, тірек метептен келген оқушылар. Қазылар алқасы ең жоғары нәтижеге шыққанды анықтап, сыйлық қарастырған оның ішінде біздің елде алдыңғы қатарлы ЖОО жалпы 6 грант беріледі.

Бұдан өзге 3 күнге жалғасатын жиында жас ғалымдар аты әлемге танылған отандық және шетелдік ғалымдармен бетпе-бет жүздесіп, сұраққа жауап ала алады. Ұйымдастырушылар осындай кездесу жас ғалымдардың жобасына тың серпін береріне сенімді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Диас Қобланбаев