БҚО-да ауылдықтар диагностикалық тексерістен тегін өтті

Батыс Қазақстан облысы, Тоғанас ауылының тұрғындары заманауи диагностикалық тексерістен тегін өтті.

Олар бұрын мұндай қызметті пайдалану үшін қалаға баратын.

Инновациялық құрылғылар шығаратын компания өкілдері қажетті жабдықтарын алып, ауылға өздері келді. Акцияны жергілікті кәсіпкер өз қаражаты есебінен ұйымдастырды. 

Ауылдағы амбулаторияда ұзын-сонар кезек. Тұрғындар заманауи диагностикалық тексерістен өтуге ағылып жатыр. Мамандар алдымен зейнеткерлер мен денсаулығына қарай есепте тұрған адамдарды тексерді. Бұл жолғы қолданылып жатқан құрылғылар диагнозды тез анықтайды және қорытындысын санаулы минутта шығарып береді екен.

Гүлзада Сұлтанова, Тоғанас ауылының тұрғыны:

- Мынандай болған жоқ қой, бірақ скринингтен өтіп жатырмыз жыл сайын. Қаладан өтеміз. Сол енді ауылға келгеніне қуаныштымыз енді. Қан алып жатыр, ЭКГ түсірейін деп жатыр, қан диабетіне халестерин алып жатыр. Сырқатым, ондай ештеңем жоқ. Тек өз-өзімді тексеріп, денсаулығымды қарайын деп келіп отырмын.

Ауылдық округте мыңнан астам адам тұрады. Амбулаторияда медициналық маман да, құрылғы да тапшы. Сондықтан көшпелі диагностикалық кешеннің ауылдықтар үшін маңызы зор. Мамандардың айтуынша, кешендегі заманауи құрылғыларды басқаруға дәрігердің қажет жоқ. Сандық жүйені меңгеріп алса, қарапайым медбике мен фельдшер де басқара алады. Ал қорытындысы автоматты түрде әр адамның денсаулық төлқұжатына түседі. 

Айнұр Жанұзақова, диагностикалық кешеннің фельдшері:

- Бұл кешенге кіретін (құрылғылар) артериалды қан қысымын өлшей алады, термометрия, спирометрия, лейкограмма, общий анализ крови, гемоглобин, гематокрит, биохимиялық анализдер, холестерин, глюкоза, зәр талдаулары да қосымша бірге жүреді. Инфекциялық емес аурулар ерте анықталып отыр осы ауыл тұрғындары арасында. Ол дәрігер кеңесімен әрі қарай қосымша тексерулерге жіберіп жатырмыз. Мына планшеттің көмегімен телемедициналық кеңес алуға болады.

Асыл тұқымды қой шаруашылығын түлетуге келген инвестор ауылға көмегін тигізуді ұйғарыпты. Тұрғындардың сапалы медициналық қызмет алуына септігін тигізді. Сондықтан атымтай жомарт диагностикалық кешені бар компанияны игі бастамаға тартып отыр.

Цой Валентин, компанияның басқарушы директоры:

- Байқағаным, бұл ауылда зейнеткер көп. Олар медициналық-диагностикалық тексерістен уақтылы өте бермейді. Біздің компанияның бір бағыты – дәл осы медицина саласы. Біз ауылдық жерлерде медициналық қызмет сапасын жақсартқымыз келеді. Диагностикалық тексерістен өткізу ақысы 12 мың теңге шамасында болады. Бірақ біз жергілікті меценаттың демеушілігімен бұл ауылдағы тұрғындардың денсаулығын тегін тексеріп жатырмыз.

Диагностикалық тексерістен өткізу акциясының алғашқы күні-ақ 50 шақты адам қызмет алған. Мамандар амбулаторияда қабылдаудан бөлек, науқастар мен мүгедектердің үйіне аяқтай барып, денсаулығын бақылады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов