Шымкентте су қоймалары 70%-ке толды

Шымкентте толассыз жауған нөсер жауыннан су қоймалары 70%-ке толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тасқын судың алдын алуға қамданып, жоспарлы жұмыстарды күшейтті. Құтқарушылар жыл басынан бері тікұшақпен 3 рет әуеге көтеріліп, барлау жүргізген. Мониторингтік бақылау нәтижесі көрсеткендей, әзірге су айдындары мен қаупі жоғары аймақтарда жағдай тұрақты. Тек гидротехникалық 10 құрылыс нысанының бірі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сала мамандары техникалық тексерістен соң Ақжар су қоймасын жөндеуге бюджеттік өтінім жолдаған.

Сондай-ақ өткен аптада жауған жауын-шашын салдарынан 50 учаскеде су басу қаупі байқалғанын хабарлады. Ондағы ирригациялық жүйелер уақытылы тазаланбай, су сыйымдылығы азайған. Тиісті мамандарға ескерту жасалды. Синоптиктер осы айда тағы жауын жауады деп болжап отыр.

Жәнібек Кәрімбаев, қалалық ТЖД басшысының орынбасары:

- Қаланың 4 су қоймасындағы судың деңгейі 5%-тен 70% толып тұр. Қалаға үлкен су келуі мүмкін деген ақпарат түскен. Өйткені Қазгидрометтің болжауы бойынша Түркістан облысы, Төле би ауданында таулы қатпарларға қар көп түскен және күн күрт жылығаннан кейін тез еруі мүмкін. Содан кейін үлкен су келу деген қауіп болғандықтан, тікұшақпен бүкіл қаламыздың аумағын аралап шықтық. Бүгінгі таңда айтатын болсақ, қалада су басу қаупі жоқ.