Өскемендік өрт сөндірушілер 5 жастағы баланың тілегін орындады

Өскемендік өрт сөндірушілер Наурыз мерекесіне орай 5 жастағы баланың тілегін орындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алан құтқарушылар туралы әңгімелерді қызыға тыңдап, нағыз өрт сөндірушіні көруді армандапты. Баласының бұл мамандыққа деген сүйіспеншілігін көрген анасы Төтенше жағдайлар басқармасына өтініш айтып, кездесу ұйымдастыруды сұраған. Құтқарушылар қарсы болмады. Аланның туған күнінде оған тосын сый жасап, өрт сөндіру бөлімшесіне шақырды. Техниканы көрсетіп, кәсіби киімдерін кигізді. Көлікке отырғызып, нағыз құтқаршының қандай болатыны жайлы айтып берді.

Марина Лискова, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

- Мұндай сәт баланың есінде мәңгі сақталады. Оның батыл, ержүрек болып өсуіне септігін тигізеді деп ойлаймыз. Бұл балаларға Наурыз мейрамындағы тосын сыйымыз.