Байқоңырда Ресейден зейнетақы алатын азаматтарымыз медициналық қызметсіз қалды

Байқоңыр қаласының мыңдаған тұрғыны сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай жүр.

Өйткені Ресейден зейнетақы алатын 4 мыңнан астам ел азаматы туралы деректер Қазақстанның Еңбек министрлігінің ақпараттық базасында жоқ болып шықты. Енді олар отандық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін емделе алмайды. былтыр 2 мыңнан астам науқас консультациялық-диагностикалық және 600-ге жуық тұрғын жоспарлы стационарлық көмекпен қамтылмай қалған. Әсіресе коронарографиялық және офтальмохирургиялық көмекке зәру науқастар көп. Ал 2016 жылдан бері жұлдызды қалашық пен Төретам және Ақай ауылдарының халқына қызмет ететін қазақстандық аурухана тек арнайы жүйеге енген азаматтарды ғана қабылдайды.

Қайрат Нұртай, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі:

- Бұл мәселені біз көтеріп, тікелей облыс әкімі Үкіметке шығып, осы мәселені шешу бойынша ұсыныс берілген болатын. Қазір Үкіметте заңға өзгеріс енгізіп, сол категориядағы адамдардың тегін әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы қызмет көрсету бойынша жұмыс басталды. Жақын арада шешімін табады деп ойлаймыз.