Шымкентте әлеуметтік орталық нанды 74 млн теңгеге алмақ болды

Шымкентте арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 74 миллион теңгеге нан сатып алмақ болды.

Қомақты қаражатқа ұсынылған күмәнді мемлекеттік сатып алу жоспарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері анықтады. Мониторинг барысында 225 тонна қара бидай нанына тапсырыс бергендер өткен жылы бар болғаны 53 тоннаға тендер жариялаған. Яғни бюджеттен жылпы сомасы 12,2 миллион теңге жұмсалған. Орталықтың сыйымдылығы 250 орынға лайықталған. Іс жүзінде нанға деген қажеттік те анағұрлым аз болуға тиіс. Жоғары бағаланған сатып алу жоспары Антикордың тексерісінен кейін түзетілді. Нәтижесінде лоттың құны бірден 70 млн теңгеге арзандады. 

Жандос Жұмабаев, қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Департамент мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атына сатып алу көлемін төрт есе асыра бағалауды қайта қарау және оны сәйкестендіру туралы ұсыныс хат жолдады.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 70 млн. теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды.