Оралдың іргесіндегі саяжайларға су жайылды

Орал қаласының іргесіндегі саяжайларға су жайылды.

Деркөл өзенінде су деңгейі көтеріліп, арнасынан асып кетті.  Бау-бақша серіктестігінен бірнеше отбасы  қауіпсіз жерге көшірілді.  Құтқарушылар  тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Бұдан өзге тағы 20 саяжай аумағы бақылауға алынған.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Мен қазір «Ягодка» саяжайында тұрмын. Өзеннің су деңгейі көтеріліп, саяжай аумағын шайып кеткен. + Қауіп әлі сейілген жоқ. Мен тасыған судың шеткі аумағында ғана тұрмын. Соның өзінде, мінекей, су етігімді бойлап кеткелі тұр. Әрі қарай бару мүмкін емес.

Саяжайда 50 шақты отбасы қысы-жазы тұрады. Тасқын салдарынан 20 баспанаға су кірген. Тұрғындар қаладағы туыстарының үйіне уақытша көшіп кетті. Зардап шеккендер жоқ. Бірнеше ер адам саяжай аумағын күзетуге қалған.

Иван Костин, саяжай тұрғыны: 

- Мен эвакуациядан бас тартып, бұл жерді күзетуге қалдым. Отбасым қалада тұрады. Менің көршім кішкентай балаларымен бірге осында қысы-жазы тұратын. Су тасқыны кезінде олар туыстарын паналауға кетті.

Мамандардың айтуынша, өзен суы  қайта бастаған. Енді арнасынан аспайды дейді. Құтқарушылар саяжай аумағында тиісті жұмыстарды жүргізіп, жағдайды күні-түні бақылап отыр.

Нұралы Мүсиев, БҚО ТЖД басқарма бастығы:

- Саяжайдың өзінің орналасуын ескеретін болсақ, ол өзендердің жайылымында орналасқан. Адамдар ол жерден өз еркілерімен шығып кеткен. Жалпы жағдай қалыпты. Саяжай алқаптарында мониторингтік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тасқала ауданынан басталатын Деркөл өзені түсіп бастады. Соңғы тәулікте 10 см-ге түсті. Шаған өзенінде су деңгейі кішігірім көтеріліп келе жатыр.

Қала маңындағы өзендерге 11 гидробекет қойылған. Судың деңгейі сағат сайын өлшенеді. Қазір 20 саяжай аумағы бақылауда тұр. Шаһарда 27 эвакуациялық пункт дайындалған.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов