Атырау облысында бұралқы иттерді аулау қарқынды жүріп жатыр

Атырау облысында бұралқы иттерді аулау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Былтыр өңірде 9 мыңға жуық ит ауланған. Оның тең жартысынан астамы облыс орталығынан табылды. Осы қаңғыбас иттерді ұстап, тиісті орталықтарға жөнелту шараларына 82 млн теңге жұмсалған.

Атырау қаласының іргесіндегі ауылдық округтердің тұрғындарынан бұралқы иттерге қатысты шағым көп. Жергілікті билік қазір иттерді ұстау жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқандығын айтады. Наурыз айының 15-іне дейін 4077 ит арнайы орындағы торға қамалған.

Азамат Айтқали, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жергілікті бюджеттен биылға 56 млннан астам қаражат қаралды. Күні бүгінге дейін 4050-ден астам бұралқы ит ауланды. Оның ішінде 233 ережеге сәйкес стерилизация-кастрация жұмыстары жүргізілді. Қалған иттер агрессиялық мінез-құлқына байланысты және қоршаған ортаға зиын деңгейін анықтауға байланысты жойылды.

Қазір қалада жеке кәсіпкерлердің меншігінде бұралқы иттерді ұстауға арналған 4 панажай жұмыс істеп тұр. Қала мен ауылдық округтердегі 5 бригаданың әрқайсысы күніне 20-25 ит аулайды. Мамандар былтыр Батыс Қазақстан облысына жіберіліп, стерилизация-кастрация курстарын оқып келген.

Сатыбалды Оразғалиев, қалалық ветеринария станциясының басшысы:

- Қалаға қарасты 7 округ бар. Иттер қазір саябырсыды. Түгел иттер жою деген мақсат жоқ. Оны білесіздер. Табиғаттың тепе-теңдігі сақталуы керек. Тұрғындармен кездескен мұны насихаттап жүргізіп жатырмыз. Көбі ит ұстағанда, ережеге сәйкес ұстаса бұл мәселелер оң шешімін табады деген үміттеміз.

Аталған мәселе оң шешім табу үшін тұрғындардың да белсенділігі қажет. Иесіз жүрген бұралқы иттер туралы хабарламаны 109 байланыс нөміріне жолдауға болады.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин