Қарағанды облысында 149 елді мекенді су басу қаупі бар

Қарағанды облысында 149 елді мекенді су басу қаупі бар

Әсіресе Қарқаралы, Бұқар жырау, Осакаров, Нұра және Абай аудандарында ахуал мүшкіл.

Бұл туралы журналистермен өткен брифингте төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Мұрат Қатпанов мәлімдеді.  Айтуларынша, қазір облыс аумағының 75 проценті әлі ақ мамыққа оранып жатыр. Қар көбесі толық сөгіле қоймаған. Биыл Нұра өзенінің ылғалдылығы да 28 процентке өсіпті. Сондықтан жағасындағы елді мекендерге қауіп басым. Самарқанд су қоймасына жыл сайын дәл осы Нұра өзенінен шамамен 536 миллион текше метр су келетін болса, бұл жолы 660 миллион текше метрге жетеді деп болжанып отыр. Бұл шамадан тыс көп. Дегенмен төтенше жағдай қызметі тасқынға тас түйін әзірміз дейді. Өзен мұздарын жарып, суағарлар мен арықтарды тазалаған. 5 мың тонна жанар-жағар май, 100 мың тонна инертті материал және 200 мың қап дайындаған.

Мұрат Қатпанов,облыстық ТЖД басшысы:

- Біз енді қазір бір жерде қауіп бар, бір жерде қауіп жоқ деп нақты айта алмаймыз. Өйткені бүкіл жағдай ауа райына байланысты. Күрт өзгеретін болса, күніне 14-15 градусқа дейін көтерілетін болса онда қардың тез еруіне байланысты елді-мекендердің басына су кіруі мүмкін.