Қостанай облысында күйген ағаштар пайда әкеле бастады

Қостанай облысында күйген ағаштар пайда әкеле бастады.

Кесіліп дайындалған қайың, қарағай, көктеректен қазынаға 676 миллион теңге түсті. Қаржы қандай мақсаттарға жұмсалады? От шалған аумақты тазартуға қанша уақыт кетеді?

Бұл Қостанайдың жасыл белдеуі атанған Аманқарағай орманы. Былтыр күзде мұнда алапат өрттен бірде-бір қарағай аман қалған жоқ. Енді бұл ағаштар бүршік атып көктемейді. Тек кесіп кәдеге жаратудан басқа амал жоқ. Қазір мұнда жұмыс қауырт. Арнайы бригада күніне бес гектар аумақты күйген ағаштардан тазартып жатыр.

Анатолий Комков тек арнайы белгі қойылған талдарды кеседі. Күйіп кеткен әр қарағай, қайың есепте тұр. Себебі одан дайындалатын ағаштар құрылысқа немесе отынға жіберіледі.

Анатолий Комков, ағаш кесуші:

- Күйген ағаштардың бәрін кесуге рұқсат жоқ. Іріктейміз. Кейбірінің төбесінде жасыл түйіршіктер болады. Көктем келгенде олар тұқым шашады.

Семиозер орман шаруашылығында былтыр 29 мың гектар орманды от шалған. Мұнда күйген ағаштарды алты бригада тазартады. Биыл осындай жұмыс екі мың гектардай алқапты қамтиды.

Азамат Ахметқалиев, механизатор:  

- Күніне санағанда 20-25 куб жинаймыз ғой. Күні бойы санағанда. Енді материал әртүрлі бізде. Сорт әртүрлі соның бәрін жинаймыз. Жеңіл деп айта алмаймың. Қиын деп те айта алмайсың. Сегіз жарымнан бастаймыз. Кешкі бесте жиналамыз кетеміз.

Кесілген ағаштардың бағасы әртүрлі. Отынға жіберілетінің бір текше метрі 420 теңге, ал құрылысқа жарамды бөренелердің құны 16 мың теңге шамасында сатылады. Осы күнге дейін орман шаруашылығының есепшотына 387 млн теңге түскен.

Еркін Баймағанбетов, "Семиозер" орман шаруашылығы басшысының орынбасары:

- Сұраныс бар. Негізінен жергілікті тұрғындар сатып алады. Түскен қаржыны орман шаруашылығының қажеттілігіне жұмсаймыз. Алқапты тазартуға, ағаштар отырғызуға, орманды қорғауға бағытталады. Одан қалды жұмысшылардың жалақысын төлеп, салықты жауып отырмыз.

Техника паркі де жаңартуды қажет етеді. Биыл орман шаруашылығы түскен қаражат есебінен 12 көлік сатып алмақшы. Оның үшеуі өрт сөндіру техникасы болады. Одан бөлек тұқымбаққа қажетті тұқымсепкіштер алу көзделген.

Еркін Баймағанбетов, "Семиозер" орман шаруашылығы басшысының орынбасары:

- Жыл басынан бері 94 гектар аумақты тазарттық. Жүктелген міндетті кесте бойынша атқарып жатырмыз. Былтыр біздің күшімізбен тас жолы бойындағы күйген ағаштардың 63 гектары оталды.

Әулиекөлдегі өрттен залал шеккен орманды тазартуға кемінде он жыл  қажет, дейді мамандар. Қазір өртенген аумақтың он проценті аршылған. Еске сала кетсек, былтыр қыркүйекте 40 мың гектардай қайың мен қарағай күлге айналған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров