Қазақстандықтар Зейнетақы жинағын инвестициялық компанияға аудара алады

Бұдан былай қазақстандықтар Зейнетақы жинақтарының жартысын инвестициялық компаниялардың біріне аудара алады.

Бірақ оның табысын бірден емес, зейнетке шыққанда көреді. Жуырда Сенат депутаттары осындай жаңашылдықтары бар Әлеуметтік кодекстің жобасын мақұлдады.

2021 жылдан бері Қазақстан азаматтары зейнетақының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және басқарушы компанияларға беруге мүмкіндік берілген.  Бірақ бұл тұста тек ең төменгі шекті сомадан асқан қаражатты ғана пайдалануға рұқсат етілді. Ал енді...

Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры:

- Ал енді Президенттің тапсырмасы аясында қазіргі күнде ең төменгі жеткілікті шекке қарамастан, азаматтарымыздың шотында бар ақшаның 50% басқарушы компанияларға жіберіп, болашақ инвестициялаушы компанияларға  жіберіп, инвестициялық табысын көтеруге мүмкіндік болады.

Зейнетақы жинақтарының жартысын қордың сайтында көрсетілген бес компанияның біріне аударуға болады. Бірақ инвестициядан түскен табысты сіз қолма қол ақшаға айналдырып, шешіп ала алмайсыз.

Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры:

- Қазақстандықтарға қандай пайда әкеледі? қазақстандықтарға болашақ зейнетақыларын көбейтуге мүмкіндік береді деген ойдамыз. шешіп алуға мүмкіндік жоқ. бұл ақга зейнетақы жүйесінен ешқайда кетпейді. Зейнетақы жүйесінде қалады. Бұл азаматтардың болашақ зейнетақысы.

Айта кету керек, 2021 жылы зейнетақы жинақтарын көбі ипотеканы жабуға жұмсады. Арасында емделуге ақша алғандар болды. Ал үшінші тетікті, яғни шекті сомадан асқан ақшаны инвестициялауды 3 мыңнан астам адам пайдаланған. Олар басқарушы компанияларға жалпы көлемде 8 миллиард теңге аударды деді қор өкілдері. Бірақ сарапшылардың сөзінше, мұндай шешім пайда әкелмеуі де мүмкін. 

Арман Бейсембаев, экономист: 

- 2022 жыл бұл ақшаны Ұлттық Банктің басқаруында қалдырғандар жеке басқарушы компанияларға бергендерге қарағанда көбірек пайда тапқанын көрсетті. Себебі кей жағдайда жеке компаниядағы  зейнетақы активтерінің кірістілігі Ұлттық Банкпен салыстырғанда төмен болды. Өйткені инфляцияға қатысты пайда табу қиын еді. Әрине, кішігірім кіріс сақталды, бірақ жеке басқарушы компаниялар Ұлттық Банктің  көрсеткішінен асып түсе алмады.

Экс-депутат Ләззат Рамазанова жинақтанының жартысын инвестициялауға дайын екенін айтты. Ол әлеуметтік кодекстегі жаңашылдықтар қазақстандықтарға қор нарығына кіруге жақсы мүмкіндік деп есептейді. 

Ләззат Рамазанова, ҚР Ұлттық экономика министрінің штаттан тыс кеңесшісі:

- Жинап жатқан зейнетақы қордағы қаржымызды икемді қолдануға икемді қадамдардың бірі. Жалпы экономиканың дамуына, әр азаматың әл-ауқатын арттыруға бұл оң қадам деп санаймын. Ал енді қалай біз қолданамыз?Қате жасаймыз ба? Үлес табамыз ба? Керісінше ұтыламыз ба деген күмән бар. Бірақ мынау дамып келе жатқан нарық өзінің оң нәтижесін көрсетіп жатыр. Жеке өзім мен оны қолданамын.

Басқарушы компанияға аударылатын жинақтың жартысына әр салымшы өзі жауапты. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  ескертті.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50%-дан аспайтын бөлігін активтерді басқарушы компанияға беру және бұл компанияны өздері таңдауға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте мемлекет зейнетақы жинақтанының сақталуына кепілдікті жинақтың ұлттық банк басқаратын бөлігінде беретінін атап өткен жөн. Ал жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтанының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады. Сондықтан әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді ескеруге тиіс болады.

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры нарықта активтерді басқаратын өзге ойыншылардың пайда болатынын қолдайды. Өйткені бәсекелестік –дамуға түрткі болады. Тек осы жаңа тектіктер шынымен де бейнеттің зейнетін көріп, жинақтарды еселеп атррыуға жеткізсе болғаны.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Серік Қоңырбаев