Ақтөбе облысында топан судан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

Ақтөбе облысында топан су басып, қираған баспаналардың орнына жаңасы салынады.

Бұл туралы облыс әкімі Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Қазір Қобда ауданында тасқыннан келген шығынды арнайы комиссия есептеп жатыр. Көлемі белгілі болғаннан кейін тұрғындарға бюджет есебінен өтеледі. Бүгін өңір басшысы мен төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин табиғат апатына ұшыраған ауылдарды аралап, суқоймалардағы ахуалды бақылап қайтты.

Қобда ауылында топан су 79 ғимаратқа зақым келтірді. 3 баспана құлады. Тағы 4-і апатты күйде тұр. Аудан көлемінде төтенше жағдай жарияланған болатын. Бұл зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетілу үшін жасалған қадам. Әзірге облыс билігі бюджеттен тыс қаржы көздерінен, 75 отбасыға 500 мың теңгеден үлестірді. Бұдан бөлек тұруға жарамсыз үйлердің орнына жаңасы салынатын болады.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:

- Қол қусырып қарап отыратын бізде уақыт жоқ. Өздеріңізбен бірге біздерге осы жерде біраз жұмыс жасауға тура келеді. 24 үйдің, енді бұл қазір алдын ала айтылып отырған мәселе ғой, осы жерде комиссия жұмыс жасап жатыр. 24 үйдің құрылысын қайта жасауды қазір жоспарлап отырмыз.

Қазір тұрғын үйлерге келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Комиссия мүшелері су басқан әрбір аулаға кіріп, қираған баспана мен қисайған қора-жайды тізімге енгізеді. Жарамсыз болған тұрмыстық бұйымдар да ескеріледі. Әзірге 17 үйге жақындауға мүмкіндік жоқ. Бұл аулаларда құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр. 

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Төтенше жағдайлар министрлігінің жасақтары мен жергілікті атқарушы билік өкілдері барлық ауладағы суды кептіргенше жұмысын жалғастыра береді. Сондықтан жағдай толығымен бақылауда. Бұл елді-мекенде жағдай шиеленісе түспейді деп ойлаймын. Алдағы он күн ішінде облысың солтүстік аудандарындағы қар толығымен еріп бітуге тиіс.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасы балалары көктемгі демалысты «Күншуақ» сауықтыру орталығында өткізетіндігін жеткізді. Оқушы лагеріне 64 оқушыға екі апталық жолдама табыс етіледі.

Авторлары: Мансур Есқожин, Айбек Даутов