Елордада мүгедектігі бар балаларға экскурсия ұйымдастырылды

Елордада 6 мен 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үш күндік экскурсия ұйымдастырылды.

Сапардың алғашқы күнін балалар ұлттық музейден бастады. Мұражайда олар тарихи жәдігерлермен танысты. Шараның басты мақсаты бүлдіршіндердің өмірге деген құлшынысын арттыру.

Арайлым Маналиева, қала тұрғыны:

- Қазір міне біздер ұлттық музейдің ішінде жүрміз. Көптеген түрлі қазақтың әшекейлерін,бұйымдарын көріп жатырмыз. Енді ол интернеттен көрген бір басқа, өз көзімізбен көрген бір басқа. Сол рахметімізді көп-көп айтамыз,өте жақсы әсер алып жатырмыз. Балаларымыз қуанышты күйде.

Әлия Өмірзақова, ұйымдастырушы:

- Көптеген ата-аналар үшін бұл зор мүмкіндік. Өйткені тұрғындар балаларын оңалту орталықтарына алып барады, бірақ олармен серуендеуге мүмкіндігі жоқ. Ал бұл өз кезегінде біздің балаларымыз үшін өте қызықты сапар. Барша мейірімді жандарға алғысымызды білдіргім келеді.