Шымкенттіктер Ұлыстың ұлы күнін этноауылда тойлап жатыр

Ұлттық нақыштағы шағын ауылда ұлттық ойындар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған.

Күн бұлтты болса да, қазақи ауылға келгендердің көңіл күйі көтеріңкі. 200 киіз үй тігілген этноауыл, наурыз мерекесіне арналып салынған болатын. Фестивалде ұлттық нақыштағы көрме қойылып, қолөнерден түрлі шеберлік сағаттары өткізілуде. Сонымен қатар еліміздің 20 аймағынан келген қазақ үйлерде сол өңірдің тарихи-мәдени құндылықтарынан сыр шертеді. Солардың бірі Қазылорда облысының жылжымалы музейі. Мұнда сыр елінің 1500 ға жуық экспонаттар қойылған.

Әйгерім Бекқұлиева, Қызылорда облыстық музейінің бөлім басшысы:

-Кезіндегі сақ дәуірінің алтын бұйымдары және 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басында Сыр қазақтарының, Сыр елінің тұтынған күміс әшекей бұйымдары осы бүгінгі этнофестивалге келген қонақтар назарына ұсынылды. Қобыз аспаптары домбыра аспаптарының түр түрі осы көрмеде халық назарына ұсынылды.

Фестивальде ұлттық тағам түрлерін дайындаушылар арасында сайыс өткізуде. Сонымен қатар күрес, асық ату, тазы жарыстыру, садақ ату сынды ұлттық ойындар өтуде.

Самат Сүйерқұлов, қырғызстандық спортшы:

- Қазақ бауырлас еліме үлкен-үлкен рақмет. Бұндай жарыстар екі елдің ынтымағын бекемдейді. Бұдан тысқары да көптеген адамдар келді басқа өлкедерден. Кім жақсы дайындық қылса, кім әрекет қылса сол жеңіске жетеді. 

Қазақы ауылда 2500 литр көже дайындалып, келушілерге үлестірілді.

Блиц:

- Арнайы демалыс алып осы бүгінгі күні келдік. Қазақ үйді аралап жүрміз. Жаңа қазақ күресінен жарыс өтіп жатыр. Өте керемет өте қуаныштымыз.

- Басқа ұлттардан да келіп жатыр ғой. Соған байланысты біз волонтерлардың арасында оларға өзіміздің қазақи нақыштағы киіміз қандай әдемі екенін көрсету үшін осылай киініп келуді шештік.

Жалпы шараға  20 мыңға жуық халық қатысады деп күтілуде. Айта кетерлігі, Шымкенттегі наурыз мерекесі 3 күнге жоспарланған.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә