Шымкентте жаңа ипподром қолданысқа берілді

Шымкентте халықаралық талаптарға сай еліміздегі ең үлкен бәйге алаңы бар жаңа ипподром пайдалануға берілді.

Наурыз мерекесі қарсаңындағы атшабардың салтанатты ашылуына барлық облыс, қаладан мыңдаған спортшы қатысты. Сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан, Қытай, Моңғолия мемлекеттерінен де ат құлағында ойнайтын жігіттер жиналды. Олар бүгіннен бастап «Ұлы Дала ойындары» деген атауымен өтіп жатқан  ұлттық спорт сайысында бақ сынайтын болады.

Жаңа ипподром наурыз тойы қарсаңында сән-салтанатымен ел игілігіне пайдалануға берілді. Еліміздің әр өңірінен келген керуен көрерменге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қала әкімі Мұрат Әйтенов үш күн бойы ат спорт түрлерінен сайысқа түсетін қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесінің қарсаңында ұлттық спортты дамытуға серпін беретін үлкен, жаңа, заманауи ипподромның ашылуына куә болып тұрмыз.

Заманауи нысан «BI GROUP» құрылыс компаниясының шаһар жұртына тартуы. Ипподромды салуға демеушілер есебінен 6 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. 

Айдын Рахымбаев, "BI Group" холдингі директорлар кеңесінің төрағасы:

- 1,5 жыл бұрын біз қала тұрғындарына уәде беріп едік. Осындай кең жерге жаңа ипподром салып береміз деп. Міне бүгін үлкен жұмысымызды бітірдік.

Нысанның ресми ашылу салтанатынан соң атқа қонған жігіттер «Ұлы Дала ойындарында» сайысқа түсті. Олар дәстүрлі садақ ату мен теңге ілуден кім мықтыны анықтайды. Аударыспақ пен командалық көкпардан жарыс жолына шығып, ұлттық ойынның көркін қыздырмақ.

Данияр Мыңбаев, Ұлттық және ат спорты түрлерінен қалалық клубтың директоры:

- Төрелік ететін әділ қазылар Ұлттық қауымдастықтың тағайындаған төрешілері бар. Оның барлығы сол жақта бекітілді. Осы ойындарға жақсылап дайындалған спортшылар. 

Ипподром аумағында жаттығуға арналған жабық манеждер, стенд ғимараты мен ветеринарлық бекет, сондай-ақ жем-шөп сақтайтын арнайы қоймалар мен атқоралар салынған. Ұзындығы екі шақырымды құрайтын жарыс жолы мен көкпар алаңы да бар.  Ал ұлттық ойынды тамашалауға келген көрермендер үшін 1500 орындық трибуна тұрғызылған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов