Абай облысының жұртшылығы Әз Наурызды кең көлемде атап өтіп жатыр

Абай облысының жұртшылғы да шат-шадыман. Әсіресе ұлы ақынның есімін иеленген аудан жұртшылығы мерекені айрықша сән-салтанатпен тойлап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлылар еліндегі мерекелік шара халықтық шеруден басталды. Түйеге мініп, бата берген Қыдыр ата, атқа қонған аңшылар, күймеге отырған Наурыз қыз салтанатқа жиылған жұрттың көңілін бір серпілтіп тастағандай болды.

Алтынғайша Бөрібаева, ауыл тұрғыны:

- Абай елінде осындай үлкен дүбірлі той болып жатыр. Қазақтың салт-дәстүрлері насихатталып, ұлттық тағамдардан көрме ұйымдастырылып жатыр.

Нұржан Әбдікәрімов, Абай ауданының әкімі:

- Абай ауданының барлық ауылдарында мереке тойланып жатыр. Биылғы ерекшелік, Наурыз мейрамына мемлекеттік мекемелер ғана емес, көше тұрғындары өз еркімен қазақ үй тігіп, халықпен бірге тойланып жатыр. Кешеден ұлтыққы спорт ойындары басталса, бүгін салт-дәстүрге байланысты көріністер көрсетіліп жатыр.

Қарауылдағы орталық алаңға қаздай тігілген 20-ға жуық киіз үйдің әрқайсысы мейрамға орай әртүрлі бағдарлама әзірлепті. Бірінен бірі өтеді. Тіпті кейбір тұрғындар көкпарға лақ әкеліпті.

Төлеубек Нұртазин, ауыл тұрғыны:

- Құмай тазыларды әкелдік. Бидайық көшесінің жігіттері бар өнерімізді ортаға салып, жүлдеге таласамыз.

Бұл күні халық ұмытылған ұлттық тағамдардан дәм татты, салт-дәстүрімізді дәріптеген сахналық қойылымдарды тамашалады. Білекті жастар арқан тарту, жілік шағу, қой көтеру ойындарына қатысып, бағын сынап, бабын байқады.

Диас Абзал, жеңімпаз:

- Осыған дейінгі жеке рекордым, қойды 85 рет көтердім. Мына қойдың салмағы – 50 келі. 105 рет көтеріп, рекордымды жаңартып отырмын.

Наурыз тойы аясында жүлде қоры 1,5 миллион теңгені құраған ең әдемі киіз үй байқауы да ұйымдастырылды. Мерекелік шара тай жарысымен түйінделді.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.