Астаналықтар Наурыз мейрамын EXPO аумағында тойлап жатыр

Ұлыстың ұлы мерекесі Әз Наурыз мерекесін астаналықтар мен қала қонақтары да атап өтті. EXPO кешені аумағында түрлі мерекелік қойылымдар көрсетіліп, ұлттық ойындарды насихаттайтын іс-шаралар  ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«QAZEXPOCONGRESS» ұлттық компаниясы да бүгін елордада киііз үй тігіп, дастарқан жайды. Түрлі өнер иелері мерекеде әннен шашу шашып, асық ату, арқан тарту сынды қазақтың ұлттық ойындарын ойнатты.

Қала тұрғыны:

- Наурызымыз құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бейбіт өмір болып, еліміз қалықтап, бақыты өмір сүруге Алламыз нәсіп етсін!

Қала тұрғыны:

- Наурыз – бүкіл қазақ даласы, бүкіл әлем жұртшылығы тойлайтын мереке. Алланың несібесі жер бетіне келе берсін!  

Көрме орталығында Наурыз мерекесіне орай арнайы Шығыс базары ұйымдастырылды. Келген қонақтарды көпес, батыр, бүркітші және хан   сияқты кейіпкерлер қарсы алды. Жағалай наурыз көже, бауырсақ таратылды. 

Гүлжан Сергебаева, «QAZEXPOCONGRESS» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы:

- Экпо Іскерлік аумағында сахна орнатылып халыққа алтыбақан, қазақ үйлері орнатылған. Экспо Іскерлік аумағында барынша ұлттық дәстүрімізді насихаттайтын ұлттық ойындар, наурыз мюзиклі, біздің салт-дәстүрімізді дәріптейді. Барлығы Наурыз мейрамына орай халыққа ұсынылып жатыр.

Әз Наурыз мерекесінде қазақтың болмысы, ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәлім-тәрбиесі, рухани-мәдени, тарихи мұрасы дәріптелуі керек. Ұйымдастырушылар осыны мақсат тұттық дейді. 

Авторлары: Ерлан Шаншархан, Марат Диханбаев.