Елордада «Наурыз базары» жәрмеңкесі ашылды

Елордадағы ЭКСПО аумағында «Наурыз базары» шығыс жәрмеңкесі ашылды. Жәрмеңке 21-23 наурыз аралығында жұмыс істейді. Астаналықтар азық-түлік, тұрмыстық заттар, киім-кешек, кәдесыйлар және өнімдерді төмен бағамен сатып ала алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің бас қаласына барлығы 16 өңірдің өкілдері жиналды. Үздік шаруа қожалықтары мен өндірушілер шығыс жәрмеңкесінде өз тауарларын нарықтағыдан 20% арзан бағамен ұсынып отыр.

Мақсат Жаңабаев, қалалық Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының орынбасары:

- Бұл жәрмеңке 6 секторға бөлінген. Оның ішінде азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар көрсетілген. Бұл жерде ет өнімдері, сүт өнімдері, шығыс тәттілері, қолөнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдарын көруге болады. Бұл тауарлардың бағасы өте тиімді. Өйткені тек тауар өндірушіден делдалсыз алуға болады. Сол үшін ол нарықтағы бағадан 15-20% арзан.

Наурыз базарында балаларға арналған алаң да бар. Сондай-ақ мұнда ертегі кейіпкерлерінің киімін киген аниматорларды да байқауға болады. Бұл жәрмеңкеге келген бүлдіршіндердің көңілін аулап, үлкендерге жеңіл сауда жасауға көмектеседі, - дейді ұйымдастырушылар.

Ұмсынай Болжайева, Түркістан облысының кәсіпкері:

- Алманың 15 сортынан мынадай 100%-тік шырын өндіреміз. Біз қазір зауыттың бағасымен сатып жатырмыз. Ең төменгі баға. Халыққа ұнайды. Бүгінгі күннің өзінде әкелген тауар таусылып қалды. Ертең жаңасын әкелеміз.

Бұл – ЭКСПО көрме орталығында ашылған алғашқы жәрмеңке. Шараның шығыс стилінде өтуінің өзі ерекше болды. Барлығы жәрмеңкеге 170 кәсіпкер келді. Оның 100-і – қолөнер шебері, қалғаны азық-түлік өндірушілер. Шығыс базары сағат таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін 3 күн жұмыс істейді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ақылбек Есімсейітов.