Елордада Ұлыстың ұлы күніне орай бірнеше мерекелік жиын ұйымдастырылды

Наурыз бас қалада да қызу тойланып жатыр. Оң жағалауда астаналықтар мен қала қонақтарына арналған концерт ұйымдастырылды. Ұлыстың ұлы күніне орай қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, түрлі сайыстар өткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлыстың ұлы күніне орай қала әкімдігі бірнеше жерде мерекелік жиын өткізді. Шаһардың басты алаңдарының бірінде 8 киіз үй тігілді. Бірінде қала қолөнер бұйымдарынан жәрмеңке болса, енді бірінде ұлттық тағамдардан ақ дастарқан жайылды.

- Наурыз мейрамы құтты болсын! Еліміз тыныш болсын! Ауырмайық, аман-есен болайық!

- Сіздерге тек аманшылық, бақыт, шаттық тілеймін! Тек құт-береке, аманшылықта жүре берейік!

- Бәрімізге береке, жақсылық, ынтымақ, көктемде жақсы бола берсін! Гүлдей болып жүре берейік бәріміз! Отбасыларға жақсылық, амандық тілеймін!

Елорданың 16 тұрғын алабында да мерекелік шара ұйымдастырылды. Сахнада экстрада жұлдыздары ән айтып, айтыскер-ақындар арнау айтты. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Жеңімпаздарға тұрмыстық техника түрінде сыйлықтар табысталды. 

Елдар Томашев, «Сарыарқа» ауданы әкімінің орырбасары:

- Наурыз мейрамын бүкіл халық болып бірге қарсы алып жатырмыз. Қаланың басты алаңдарының бірінде бүгін, міне, тұрғындармен. Мүлік иелерінің бірлестіктерімен, пәтер иелерінің кооперативтерімен, кәсіпкерлермен Наурыз мейрамын ұйымдастырып жатырмыз.

Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналды. Жаңа жылды жалпы халықтық той ретінде қарсы алу дәстүрі қалыптасты. Сондықтан мерекелік шаралар ертең де жалғасын табады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ырыстанбек Оспанов.