Ақтөбе облысында көнеден қалған қолөнерді дамытып жүрген жанұя тұрады

Ұлттық өнерді ұлықтаған отбасы! Ақтөбе облысының Темір ауданында көнеден қалған қолөнерді дамытып жүрген Жақыбаевтар жанұясы тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отағасы Нұрлан теріден түрлі бұйым жасаудың хас шебері болса, жұбайы Гүлшара ұршық иіріп, киіз басады. Отбасы тың технологияны өте сирек пайдаланады. Қолдан шыққан дүние сапалы әрі тартымды болуы үшін ескі тәсілге ден қояды. Бүгінде шеберлер шәкірт тәрбиелеуге көшкен.

Шағын ғана шеберхананың іші қазақтың қолданбалы өнеріне тұнып тұр. Түрлі ою-өрнекпен безендірілген ыдыстар мен тобылғы сапты қамшылардың барлығы – Нұрлан Жақыбаев пен оның оқушыларының қолынан шыққан бұйымдар. 33 жыл бұрын мектепке еңбек пәні ұстазы боп жұмысқа орналасқан темірлік шебер сабақтан тыс үйірме ретінде тері өңдеуді таңдаған. Тұрмыста қажетті торсық пен саба, мес пен көнек, былғары шелектерді жасап қана қоймай, ұлттық өнердің ұмыт қалмауын да ойладым дейді.

Нұрлан Жақыбаев, қолөнер шебері:

- Мектеп қабырғасында қосымша білім беру арқылы оқушыларға қолжетімді шикізат көзінен қазақ халқының өте үлкен құндылығы бар, материалдық құндылығы бар, этнографиялық құндылығы бар, мәдени құндылығы бар атадан қалған мұраны осылай қолға алдым. Енді бүгінгі уақытта, міне, 33 жылдан астам уақыт өтті, 221 баламен жеке-дара жұмыс істедім. 

Ел ішін айтпағанда әлемнің 10-ға жуық мемлекетінде өткен көрмеге қатысып, көрермендердің ықыласына бөленген шебер қазір өз үйінде шәкірт тәрбиелеп отыр. 11 жастағы Әлихан Нұрланов соңғы 4 ай бойы бос уақытын осы жерде өткізеді. Қамшы өрудің бірнеше әдісін игерген.

Әлихан Нұрланов, оқушы:

- Бұл 8 өрімдік, бір өзекпен қамшы. Оң жағында төртеуі бар және сол жағында төртеуі бар. Ортасында өзегі бар. Мына қайыс оң жақтан шықса, онда оң жағынан астынан жібереміз. Және екеуінің ортасынан аламыз да, келесі жағына жібереміз, міне. Қатты тартсаңыз, ол өзі жақсы болып, сапалы болып шығады. Мұны бір жарым күнде бітіремін.

Нұрлан Жақыбаев тері илеп, түрлі өрнек салуға жаңа технологияларды сирек қолданады. Атадан қалған салтқа сай әдіс-тәсілдерді ғана қолданып келеді. Мәселен, бұйымдарға рең беру үшін қынамен қатар шоғайнаны қайнатып, қарағаш қабығын қолданады. Дәстүрлі өнерді дәріптеу арқылы көшпелі халықтар мәдениеті өміршеңдігі мен заманында  өркениет алдында болғандығын паш етіп жүр. Шебер тәжірибе мен теорияны да ұштастыру қажет дейді. Қазақтың қолданбалы өнері, оның ішінде теріден бұйым жасау  туралы 2 кітап пен 100-ге жуық мақала-монографиялар жазған.

Нұрлан Жақыбаев, қолөнер шебері:

- Бірінші, жаңағы методика кетті. Одан кейін мына этнографиялық тұрғыдан сипаттайтын болдым. Сосын философиясына көштім, дидактикасына көштім, методикасына көштім. Сөйтіп, үлкен мына қолөнердің мектепте оқытуға арналған таза теориялық ғылыми еңбектерім жарыққа шыға бастады.

Нұрлан Жақыбаевтың зайыбы Гүлшара да – он саусағынан өнер тамған жан. Отағасын ірі-қараның терісін илеп, пайдаға жаратса, әйелі киіз басып, ұршық иіреді.

Гүлшара Жақыбаева, қолөнер шебері:

- Жүнді иіріп те, тоқып та жасай аламыз. Жүннен жасалған картинка, бұйымдар. Мұны біздер өзіміз түстерін барлығын келістіріп, өзіміз жасаймыз. Мұны да сыйға тартуға болады.

Қолданбалы қолөнер арқылы ұрпаққа ұлттық тәрбие беруді көздейтін шебер былтырдан бері жаңа мәдени ошақ құрылысына кірісіпті. Үйінің жанынан салған ғимаратта 2 шеберханамен қатар көрме алаңы да болады. Бұл шәкірттерді көбейтіп қана қоймай, өнерсүйер көрерменнің тұрақты тамашалар орнына айналады деген сөз.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.