Ақтөбе облысында жұрт ауылға көшіп жатыр

Жұрт қаладан қашып, Қарғалыға келіп жатыр.

Бір жылда осы ауданға қарасты 8 елді мекенге 56 отбасы қоныс аударыпты. Олардың арасында құр отырмай, іс бастап, ауылдың өркендеуіне үлес қосып жатқандар бар. Қолдау болса бұдан да зор іс тындырып, тау қопаруға әзір. 

Саламат Шамұратовтың Желтау ауылына көшіп келгеніне көп бола қоймаса да, елді мекенге үйренісіп алған. Бала күніне еңбекқор боп өскен ол қалада көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Ал ауылда су сорғыш техника мен дөңгелек жөндеу шеберханасының қожайыны. Соңғы аталған кәсібі арқылы желтаулықтарға жақсы танылды. Себебі Саламат қана алғашқы жөндеу ісін қолға алып, жерлестерге қызмет көрсетіп жүр. Ал қажетті жабдықты қайтарымсыз гранттың көмегімен алған.

Саламат Шамұратов, Желтау ауылының тұрғыны:

- Оборудованиелерін алдым. Бәріне жетті әйтеуір. Қазір шүкір, жүріп жатырық. Сезонда көмекке балаларды шақырам. Күзде, көктемде. Қысқы доңғалақ саламыз, жазда жазғы доңғалақ саламыз. Оларға, иә, айлығын төлеймін.

Саламаттың отбасында алты бала өсіп келеді. Еңбекқорлыққа баулу жанұяда қалыптасқан әдет. Үйдің үлкендері де бүгінде ауыл ішінде сүт қабылдап, одан құрт-ірімшік және өзге де өнім түрлерін жасауды қалыпты жолға қойған. Енді істерін кеңейтпек ойлары бар. 

Ару Медиханова, Желтау ауылының тұрғыны:

- Мал үстайды ауылдың адамдары. Сол сүттің өнімін енді творог, қаймақ, айран жасап ауылға, қалаға жіберіп тұрмыз. Соны шамалы расширение жасап, үлкейткіміз келеді осындай шаруамызды.

Серік Құрманғалиев те қаладан Қосестек ауылына былтыр көшіп келген. Бұрын жол, газ тарту ісімен айналысқан кәсіпкер енді мұнда да жаңа жоба бастаған. Оншақты сауынды сиыр алып, сүт өндірісін жолға қойды. Енді, таяу уақытта қажетті жабдықтар келмек. Сөйтіп, мұнда  сүт өңдеу цехын салмақ арманы бар. Айтуынша, өнім өткізетін нарық ауылда да, қалада да бар.

Серік Құрманғалиев, Қосестек ауылының тұрғыны:

- Енді бұл ой 20 жылы маған ойыма келді, карантиннің уақытында. Негізі таза тамақ, таза ауа дұрыс болар осы, ата-бабамыз ауылдан шықты, ауылға барайын дегем. "Ауыл аманатына" қатысып жатырмын. Енді, оборудованиелер алғым келеді сол. Жоспар сызып сол, бәрін журналға жазып қойдым.

Мамандар ауылға көшіп келушілердің көбейе түсуін Қарғалы ауданының құнарлы жерімен байланыстырады. Өлке мал, егін шаруашылығынан өзге туризмге де қолайлы. Соңғы бір жыл ішінде ауылға қоныс аударғандар балық түрлерін көбейтуге де ден қойған.

Нұржан Тәженов, Қарғалы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Аудан бойынша барлығы 8 ауылдық округ бар. Осы 8 ауылдық округке былтырдан бері жалпы 56 отбасы аудан аумағына қоныстанған. Биылғы жылдан бері бастап жатыр ғой мына "ауыл аманаты" жобасы. Сол жобаға қазір енді қатысып жатыр, құжаттарын тапсырып жатыр. Қазіргі мақсат қоныстанған адамдарды жұмыспен қамту және өздерінің кәсіптерін әрі қарай дамыту.

Қазір ауылға көшіп келгендердің бірқатары «Ауыл аманаты» жобасына қатыспақ ниетте. Оның аясында аудан бойынша 220 млн теңге болатын 60 жобаға өтініш берген.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев