Қазақтың зергерлік бұйымдары трендке айналды

Қазақтың зергерлік бұйымдары трендке айналды. Астаналық жас зергер Наргиз Құрманғазина баба мұрасын заманға сай жаңғыртып жүр.

Оның  күмістен құйған әшекейлері көпшілікке танымал.

Наргиз Құрманғазина зергерлік бұйымдарды эксклюзивті етіп жасайды. Яғни, әр бұйымның дизайнын өзі ойлап табады. Ою-өрнекті заманауи стильмен үйлестіре біледі. Әсіресе Қошқар мүйізді оюды көп қолданады. Ал шолпы мен шашбауға тарихи таңбалар мен  інжу тастар қосады.

Наргиз Құрманғазина, жас зергер:

- Мен өнер және дизайнмен көптен бері айналысамын. Зергерлік бұйымдарды жасауда қиялыма ерік беремін. Мысалы, бұл сақинаға  күміс пен мысты араластырып жасадым. Пішінін де өзім ойлап шығардым.

Зергер қыз ерекше туындыларды жасап қана қоймай, ісін брендке айналдырды. Қазірде жас Зергердің жұмысы  үлкен сұранысқа ие. Өнерлі жастың тұрақты тұтынушылары әшекейлердің күнделікті киімге ерекше стиль беретінін айтады.

Айым Әбілдина, қала тұрғыны:

- Бұл зергерлік бұйымдарды спорттық киіммен де, классикалық үлгідегі киіммен де тағуға болады. Тіпті кез келген шаш үлгісіне үйлеседі. Әрі оның жасаған әшекейлері басқа зергерлердің жұмысынан өзгеше.

Бір қызығы қазір жастар арасында мұндай әшекей тағу сәнге айналған. Этно стильдің ерекшелігіне тамсанбайтын жан жоқ.

Бүгінде Қазақтың ұлттық бұйымдарын күнделікті киіммен үйлестіру трендке айналды. Зергерлдің дәстүрін сақтай отырып, жастар жаңа стиль туғызды. Саусағына ою-өрнекті жүзік, шашына сылдырлаған шолпы таққан қыздарды көшеде жиі кездестіруге болады.))

Авторлары: Сағыныш Рахым, Серік Қоңырбаев