Таза қанды қазақы төбет жоқтың қасы

Президент тапсырмасымен қазақы ит тұқымдарын сақтау мақсатында осы жылдың басында заң жобасы қабылданды.

Барша жоспарды жүзеге асыру үшін биыл 600 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Алдағы үш жылда ит санын көбейтуге бөлінетін жалпы сома 1.4 млрд теңгеге жетеді. Қаржы қандай жұмыстарға жұмсалады?

Қарағандылық Аннаның екі бірдей тазысы бар. Ол қазаққа тән иттің қасиетіне әбден тәнті болған. Алда жер үйге көшіп, тазыны біржол көбейткісі келеді. Бірақ көп иттің нағыз тазы екеніне күмән көп. Ал төбет жоқтың қасы.

Анна Захарова, тазы асыраушы:

- Қазіргі кезде тазы тұқымының нақты стандарты жоқ. Сондықтан генетикалық зерттеулер жүргізілуі тиіс. Нақты қазақы тазыны анықтау үшін тазы деп жүргендердің біразынан сынама алып, одан басқа «шатасып» кеткендерді іріктеп алып тастау керек. Бұл жұмыстармен айналысатын жеке бір орталық болса, онда генкодты сақтап қалуға болады деп ойлаймын. 

Ашық дереккөздерде қазір құмайдың саны 500-ден 1 мың аралығында ғана болуы мүмкін деген дәйек жиі айтылады. Ал таза қанды қазақы төбет тіптен жоқтың қасы. Бұл істе Президент тапсырмасына сай заң жобасы әзірленді. Арнайы комиссия құрылды, енді сарапшылар жұмыс істеп жатыр.

Константин Плахов, "Зоология институты" ШЖҚ аңшылықтану зертханасының меңгерушісі:

- Бізде өте сирек түрде тазы кездеседі. Ал төбет жоқ. Сондықтан бірінші міндет аталған тұқымға барынша жақын иттерді жинап, селекция жүргізу керек. Содан кейін алдағы бір 7 жылда жақсы тұқымға қол жетеді деп ойлаймын.Одан кейін «Асыл тұқымды ит» орталығына үміт артамыз. Қазір бізге маман керек. Керек болса шетелдік кинологиялық академия мамандарын шақыртса болады.

Қазір қаржының алғашқы 600 млн теңгесі бөлінді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ұлттық орталық құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ ұлттық орталықтың жобасы жоқ, қай өңірде салынатыны белгісіз. Белгілісі жаңа орталықты тамыз айында тапсыру қажет.

Гауһар Досжанқызы, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

- Біріншіден қазақы ит тұқымдарының стандарты әзірленіп, нақыталанады. Одан кейін сол иттерге арнайы құжат беріледі. Одан кейін жоспар бойынша біз FCI деген халықаралық ұйымға қосылу жоспары бар. Оған біздің жаңадан құрылған кинологиялық ұйым мүшелікке енді. Енді осы жұмыстар атқарылатын болады.

Бұдан өзге бастапқы кезеңде жүз төбет пен жүз тазыға арналған ангарлар салып, оларды күтіп-баптау, генетикалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Екінші кезеңде оқу орталықтарын ұйымдастырып, асыл тұқымды ит тұқымдарына зерттеу жасау, тазы мен төбеттерге далалық сынақтар өткізу жоспарланған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Ұлан Нарымбек, Виктор Полянный