Ертіс өңірінің оқушылары IT технологиялар жарысында бақ сынады

Ертіс өңірінің оқушылары IT технологиялар жарысында бақ сынады. Салаға бет бұрған жасөспірімдер стартап-жобалары мен мобильді қосымшаларын ұсынды.

Ландшафты дизайн, экология, бизнес-үрдістерді басқару, автоматизация.Жарыста түрлі саладағы идеялар ұсынылды. Мәселен, баянауылдық оқушылардың жобасы табиғи парктің 3Д моделін жасауға арналған.

Дильназ Даныбай, қатысушы:

- Біз бұл жоба арқылы  адам мен табиғатты бір-бірімен байланыстырғымыз келеді. Баянауылда өсетін кейбір өсімдіктер Қазақстанда өспеуі мүмкін. Сондықтан, Баянауылдың өсімдіктерін лицейдің алдына әкеліп, біз табиғи саябақ жасағымыз келеді. Бұл жерде біз мектептің сызбасын сызып, саябақ жасадық.

Ал бұл команда пайдаланылған шикізатты сұрыптау жобасын әзірледі. Басты идея – зиянды қалдықтарды жою және бұл жұмысты мобильді қосымша арқылы бақылау.

Никита Конин, қатысушы:

- Мысал ретінде батареяларды алайық. Оларды далаға тастамай, арнайы қабылдағышқа тапсыруға болады. Жоба бойынша қалдықтар кюар-кодтың көмегімен арнайы автоматқа тапсырылады. Кейін утилизация орындарына жеткізіледі. Ал батареяны тапсырған адамға мобильді қосымша арқылы бонустар түседі. Бонустарды жинап, жолақыны төлеуге болады.

Хакатон форматында өткен жарыстың іріктеу турына 60-қа жуық жоба ұсынылған. Ішінен үздік деп танылғандары ақтық мәреге жолдама алды.

Виталий Кожокар, ұйымдастырушы:

- Ең бастысы, әр жоба бизнес-қауымдастықтың сұранысы бойынша жасалды. Біздің мақсат – оларға айти-жобаларын көрсетуге мүмкіндік беру. Үздік жұмыстар қолдау табады деген сенімдеміз.

Жастар өнімдерін алты сағат бойы жасап, кейін таныстырды. Үздік деп танылған жобалар кәсіпкерлердің назарына ұсынылады. Қолдау тапса, оқушыларға жобаларын жетілдіру немесе қаржыландыруға мүмкіндік беріледі.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат