Көлік тұрағының қызметін өзгертуге заңмен тыйым салынды

Енді құрылыс компаниялары көпқабатты үйлердегі автотұрақтарды жекенің қолына бере алмайды. Тұрғын үй қатынастары туралы заңға осындай өзгеріс енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылардың айтуынша, тұрақты сатып алғандар оның ішінен көлік жуу орталығын ашады. Ал бұл құрылыс және санитарлық талаптарға сай келмейді. Осыған байланысты көлік тұрағының қызметін өзгертуге заңмен тыйым салынды.

Марғұлан Әбдікәрімов, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарушы директоры:

- Паркинг сөзсіз ортақ мүлікке жатады және оны күтіп-ұстау тұрғындардың мойнында. Тиісінше заңда көлік тұрағының қызметін өзгертуге тыйым салынатыны нақты жазылған. Мұны тұрғындар түсінуі керек. Автокөлік жуатын орындардың орналасуына қатысты санитарлық талаптар бар. Оған барлық нысан сай келуі керек. Қөпқабатты пәтердің айналасында мұндайға жол берілмейді.