Оралда салынғанына 10 жыл болмаған үйдің сапасы сыр бере бастады

Оралда салынғанына 10 жыл болмаған көпқабатты үйдің сыртын қайта қалауға тура келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені кірпіші қабырғадан ажырап, өткен-кеткенге қауіп төндірген. Мұрат Мөңкеұлы көшесіндегі бұл үй «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған еді. 90 отбасы тұрады. Құрылысты «Алтим СФ» компаниясы жүргізген. Ал мердігердің кепілдік мерзімі өтіп кеткен. Бірақ арнайы комиссия жағдайды анықтап, қабырғаны қайта қалауды міндеттеді.

Әсел Рахметқалиева, қала тұрғыны:

- Ауа райы қолайлы болған кезде жөндеу жұмыстары басталатыны айтылған еді. Енді, міне, жұмысшылар кірісіп жатыр. Жылу ұстайтын материал мен қосымша кірпіш қабаты дұрыс орнықпаған. Ал пәтерлерде, шатыр мен жертөледе әзірге ақау жоқ. Жөндеуге байланысты кешелі бері газ желісін уақытша тоқтатып қойды.

Данияр Оспан, қала әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Үйдің негізгі тірек құрылымдарында ақау жоқ. Тек қана сыртқы қабаты ғана. Оны мердігер мекеме өзінің есебінен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аталған аумақ бірден қоршалды.