Қарағанды облысында 900 кәсіпкердің құқығы қорғалды

Қарағанды облысының фермерлері көктемгі егіс науқаны алдында жанар-жағар майсыз қала жаздады. Әйтеуір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің араласуымен тасымал жұмысы тез арада қайтадан жолға қойылды.

Жалпы, жыл басынан бері агенттіктің өңірдегі өкілдері 900-ге жуық кәсіпкердің құқығын қорғаған. Олардың басым бөлігі жер қатынастары, инфрақұрылым, білім беру және ауылшаруашылық салаларында жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр жыл сайын көктемгі егіс науқаны алдында фермерлерге көмек ретінде жеңілдетілген бағамен жанар-жағар май беріледі. Айталық, биыл тек наурыз айына ғана 5 мың тонна бөлінген. Оны уақытылы тасымалдап, сақтап, диқандарға тапсыратын ең тиімді операторды «Атамекен» кәсіпкелер палатасы аймақтағы фермерлермен бірігіп таңдаған. Алайда Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл жұмысты еш негізсіз тоқтатып тастайды.

Азамат Дәненбаев, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер құқығын қорғау бөлімінің басшысы:

- Ауыл шаруашылығы басқармасы басқа оператор тағайындамақ болды. Бірақ жұмыс істеп жүрген операторды не үшін шеттетіп отырғанын түсіндіре алмады. Соның кесірінен жанар-жағар май тасымалдау жұмысы тоқтап, 703 фермер зардап шекті. Абырой болғанда, мәселеге дер кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің облыстық департаменті араласып, 2 күн ішінде тасымал жұмысы қайта жанданды.

Сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі өкілдері білім саласындағы заңсыз әрекеттің де жолын кесті. Облыстағы білім бөлімдері жанынан құрылған ведомствааралық сараптамалық топ осы күнге дейін мектеп асханаларын тексеріп келген. Ал анығында бұл жұмысты бракераждық комиссия атқаруы тиіс екен.

Арслан Мыңғышев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті басқарма басшысының орынбасары:

- Бұл жерде ведомствааралық сараптамалық топ комиссияның функциясын өзіне алып алған. Біз білім басқармасына хат жазып, қала, ауданда құрылған бұйрықтарды заңға сәйкес, 598 бұйрыққа сәйкес жасасын, мектепшілік комиссия ғана тамақты тексеріп, ал ведомствааралық топ асханаға кірмесін деп ұсыныс жасаған болатынбыз.

Осылайша, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған 110 кәсіпкер заңсыз тексерістен, яғни қысымнан құтылды. Ал, жалпы, жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасы аясында өңірдегі 900-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалған.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.