Павлодарда дәрілік шөптер кәсіп көзіне айналуы мүмкін

Павлодар облысында кәсіпкерліктің жаңа бағытын дамыту көзделіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңір ғалымдары аймақта өсетін дәрілік шөптерді шикізат көзіне айналдыруға күш салмақ. Олардың бұл бастамасына жергілікті кәсіпкерлер де қызығушылық танытқан. Ертіс өңірінде шипалы өсімдіктердің 200-ге жуық түрі кездеседі. Көпшілігі Баянауыл ұлттық паркінің аумағында өседі. Дәрілік шөптердің мол қоры болғанымен, ол кәдеге жаратылмай келеді. Мәселен, көпжылдық күреңот шөбінің жапырақтарынан шай демдеуге болады. Халық медицинасында қайыңның бүршіктерінен жасалатын тұнба асқазан жарасын емдеуге және қанды тазартуға қолданылған. Ал шырыны сусын ретінде тұтынылады. Оралдық мияны плантациялық жолмен өсіруге болады. Қытай медицинасында ол  женьшеньмен тең түседі екен. Жалпы, өсімдіктерді жинауда өңірдің экологиясына баса мән беріледі.

Мүбәрак Жақыпов, аймақтық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Өсімдіктерді жинап, оны жаңағы фармкомпанияларға сатуды ұсынды. Өйткені біздің жақта осы жерлерде көптеген өсімдіктер өсіп жатыр. Бірақ оған ешкім көңіл бөлмейді. Қазіргі таңда экономиканы қарасақ, дәрілер өте қымбат және осы өсімдік негізінде құрылған дәрілер бүкілі басқа елдерден кіргізіледі.