Қызылордалық шаруалар егіске кірісті. LIVE

Қызылордалық шаруалар егіс көлемін 7 мың гектарға ұлғайтады.

Сыр диқандары құрғақшылыққа байланысты алдыңғы жылдары кеткен есені қайтарамыз деп отыр. Былтыр су тапшылығы салдарынан өңірде күріш алқабы 3 мың гектарға қысқарып, орта есеппен әр гектардан 40-45 центнер шамасында өнім орылған еді. Қоян жылы басталысымен Сырдарияда су көтеріліп, көлдер жүйесі толды. Топырақта ылғал көбейген сайын мол өнім алуға деген үміті арта түскен дала еңбеккерлері қазір соқа-кетпенін арқалап егіс басында жүр.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Сыр диқандары биыл 195 мың гектар аумаққа егін егеміз деп отыр. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 84 мың гектарға егіледі. Мал азығы мен майлы дақылдардың да үлесі артады. Ерте көктемнен жер жырту, топырақ тегістеуге кіріскен шаруалар 22 мың тоннадай тұқым дайындап, оны сәуірдің басында себе бастайды. 

Өңірде негізінен ресейлік сұрыптар егіледі және жергілікті ғалымдар өндірістік сынақтан өткізген тұқымдар да агроайналымға енеді. Күріштен бөлек жаздық бидай, арпа, мақсары, жоңышқа тұқымы дайындалған. Аймақтағы арық-атыз, су арналары аршылып, гидроқұрылғылар қалпына келтірілді. Шабындық-жайылымдарға су жіберілді. Одан бөлек өсімдік қорғау үшін қажетті 100 мың тоннадан астам минералдық тыңайтқыш қоры жасақталды. 4 мыңға жуық трактор тіркеме, тұқым сепкіш, жүк тасығыш техника және соқа жегілген дала жұмыстарына қатысуға сақадай сай. Көктемгі дала дүбіріне қажетті 20 мың тоннадай жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен бөлініп отыр.

Биыл көкөніс пен бау-бақша дақылдарын егуге де аса мән берілмек. Біз дәл қазір Жаңақорған ауданындағы Жайылма ауылының егістік алқабында тұрмыз. Мұнда шаруалар қауын-қарбыз егіп жатыр. Егіннің жайын диқанның өзінен сұрап білсек.

Егіншінің басты уайымының бірі – су жеткізу. Ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес тұрақты суаруға 4 млрд текше метрден астам тіршілік нәрі қажет. Қазір Сырдария бойымен облыс аумағына секундына 650 текше метр су келіп жатыр. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2 есе артық. Сондықтан диқан қауымда су тапшылығы сезілмейді деген үміт басым.