Ақтаулық жауынгерлер әскери жаттығудан өтті

Ақтаудағы әскери базада дабыл қағылды. Жауынгерлер түнгі мезгілде аяққа тік тұрып, құрлықта әрі су бетіндегі ұрысқа мейлінше жақын жағдайда әзірлігін пысықтады. 3 кезеңнен тұратын командалық-штабтық жаттығу әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысының басшылығымен өтті. Бұл жолғы оқу жаттығу бұрынғыдан өзгерек. Ерекшелігі сол, майдан авиациясын басқару штабы жауынгерлік кемеде орналасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дабыл әскери бөлімде және жауынгерлік кемелерде бір уақытта қағылды. Теңізшілер мен сарбаздар шапшаң киініп, қару-жарағын асынды. Құрлықтағы базадан жүрдек көліктер колоннасы келіп жеткенше, корабльдердің айналасы жіті бақылауға алынды. Өйткені барлаушылар жаудың су астынан диверсия жасау қаупі барын ескерткен.

Мұқағали Балтабаев, матрос:

- Мұндай жауынгерлік оқу-жаттығулар матростар үшін Отан қорғау жолындағы білімі мен біліктілігін арттыра түседі. Ал сержанттар мен офицерлер әскери бөлімнің қорғау мен күзет дайындығын пысықтайды.

Атқыштардың әуе шабуылына тойтарыс беруге әзірлігі мұқият тексерілген соң, әскери кемелер ашық теңізге шықты. Бұл мезетте жауынгерлік көліктер діттеген жеріне жетіп үлгерді. Бұдан соң әр командалық құрам өзіне жүктелген тапсырманы орындауға кірісті. Теңізшілер су бетіне тасталған миналарды жойып, отқа оранған кемеде құтқару операциясын өткізді.

Бауыржан Мұратұлы, әскери теңіз базасының командирі:

- Қарсыластың әуе шабуылына қарсы тойтарысты, суасты диверсияға қарсы іс-әрекеттерін пысықтады және де әскери-теңіз базасының теңіз жаяу әскери-десанттық шабуылдау батальонының жеке құрамы жауынгерлік техникамен 50 шақырымға жорық жасады.

Ал жаяу әскерлер тобы полигон жағдайында атыс жүргізіп, қарсыласқа тойтарыс берді. Ауқымды әскери шараға майдан авиациясы да қатысты. Су-27 жойғыш ұшақтары мен Ми-8 тікұшақтарының әрекетін штаб командирлері кемеде тұрып басқарды. Контр-адмирал Сәкен Бекжановтың басшылығымен мұндай жаттығулар жылына бірнеше рет өтіп тұрады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.