Астана аспанын 4 күннен бері тұман торлады

Астана аспанын соңғы күндері тұман торлап тұр. Қала ішіндегі қозғалыс қиындап, сыртқы жолдарды жабуға тура келді. Ұзаққа созылған көк тұман денсаулыққа зиян емес пе деп алаңдағандар бар. Мамандар бұның себебін түсіндірді. Табиғи жағдайдан адамға келер қауіп бар ма?

4 күннен бері елорда аспанын қалың тұман басып тұр. Тіпті соңғы күндері салдарынан Астана әуежайына қонатын 5 авиарейсі кейін қайтуға мәжбүр болған. Жоғарыдан қарағанда зәулім ғимараттардың төбесі, үйлердің кескіні ғана көрініп, ақ мұнар қала көшелеріндегі жол қозғалысына да айтарлықтай кедергі келтірді.

Тілек Әбдірахымов, «Эйр Астана» әуекомпаниясының менеджері

- 24 наурызда Астана қаласында ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматы-Астана бағытындағы ұшақ қайта кейін ұшуға мәжбүр болды. Тұман салдарынан межелі жер көрінбеген соң сондай шешімге бардық. Тағы да 4 бағыттан келген ұшақтарды уақытында қабылдай алмадық. Әрине, алдымен адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында болған соң біз осындай шешімге қабылдадық. Ал,һ қазір барлық бағыт бойынша авиа рейстер штатты режимде жұмыс істеп тұр.

Міне, ауа райының аяқ астынан осылай құбылуын және оның қанша уақытқа жалғасатынын Қазгидромет басқармасының мамандары былай түсіндірді.

Бақытжан Қанатұлы, «Қазгидромет» РМК инженер синоптик маманы:

- 24-27 наурызда Астана қаласында 200-500 метр көрінетін тұман байқалды, ұзақтығы 6-11 сағатты құрады. Бұл күндері елорданың ауа райы жоғары атмосфералық қысым аймағын қалыптастырды, ашық және тыныш ауа райы байқалды, желдің жылдамдығы 0-6 м/с, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 90-98% құрады. Жел күшейген кезде тұман тарай бастады.

Қазгидрометтің болжамы бойынша алдағы күндері елорданы тағы тұман басуы мүмкін. Синоптиктердің айтуынша, бұл климат ерекшеліктеріне байланысты пайда болған құбылыс. Адам денсаулығына зияны жоқ. Көктем мен қыста болатын ақ мұнар қалыпты жағдай, - дейді мамандар.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы.