Оралда алаяқ тұрғын студенттерді сан соқтырған

Оралда алаяқ тұрғын 1 жылға жуық уақыт студенттерді алдап келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

31 жастағы ер адам жастарға шағын қаржы ұйымдарынан несие рәсімдеуге көмектесем деп делдалдық қызмет ұсынған. Студенттер де еш ойланбастан, бейтаныс жанға жеке мәліметтерін беріп келіпті. Алаяқ ақыры дегеніне жетіп, аңқау жастардың атына несие рәсімдеп, қаражаттың бәрін өзі иемденген. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 6 жәбірленушіден арыз түскен. Оларға келтірілген шығын көлемі 700 мың теңге шамасында. дегенмен сан соғып қалғандардың қатары бұдан да көп болуы мүмкін.

Лунара Аманғалиева, БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы:

- ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр. Жыл басынан бері БҚО аумағында 232 алаяқтық фактісі тіркелді. Оның 110-ы интернет алаяқтыққа қатысты.