Ал Петропавлда тұрғындар көптен бері сын айтып келген жолдар биыл қалпына келтіріледі. Күн жылыған соң 18 көшенің ой шұңқырлары тегістелмек. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қардың ерігені сол еді, қаланың жыртық-жамау жолдары қайта көрінді. Жолаушыларды тасып, күнелтіп жүргендер тапқан таянғанын көлік жөндеуге жұмсайды. Сондықтан жүргізушілердің жанына батқан жолдың жайы биліктің назарына ілінсе дейді.
Владимир Ковалёв, қала тұрғыны:
- Соңғы жылдары қалада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын байқамадым. Әттеген-айы, жолдардың сапасы күрт нашарлап кетті. Темір тұлпарымызды 2-3 айда бір рет станцияға кіргізіп тұрамыз.
Шеткі аудандарды айтпағанда орталық көшелердің де сиқы осындай. Былтыр шаһарда 3 шақырымдай ғана жол жөнделген.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Бұл – Интернационал-Брусиловский көшесінің қиылысы. Мұндағы жолдың да тоз-тозы шыққан. Шұңқырлардың тереңдігі соншалықты, мұнда түскен көлікке зақым келеді. Шығынға батқысы келмегендер амалсыздан жол ережесін бұзып, айналып жүреді.
Мәселені шешу үшін биыл жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы өткен жылдағы сомадан 10 екі есе көп. Осылайша, жауаптылар күрмеуді кезең-кезеңмен тарқатпақ.
Эльмира Сәдуақасова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- 18 көшеде жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ең проблемалық учаскелер қамтылатын болады. Биыл магистарльдік көшелерден Абай, Интернационал, Жабаев және Нұрсұлтан Назарбаев көшелері қамтылайын деп отыр. Одан бөлек, орталық көшелерді ғана емес, сондай-ақ жеке сектордағы көшелерді қамтимыз деп отырмыз.
Бұйырса, қайта қалпына келтіру жұмыстары күн жылыған соң басталады деп жоспарланып отыр. Бүгінде облыс орталығындағы жолдардың жалпы ұзындығы 366 шақырымнан асады.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.
