Қарағанды облысында кеншілер мен металлургтер мүддесін қорғайтын қор құрылды

Қарағандыда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарасты өндіріс ошақтарында қаза тапқан немесе жарақат алған азаматтардың құқығы мен мүдделерін қорғауға арналған қоғамдық қор құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қара қар» деп аталатын ұйым компания кәсіпорындарының экологияға келтірген зардабын да зерттейді. Теміртаудағы металлургиялық комбинат пен көмір шахталарында 100-ден астам жұмысшы көз жұмып, мыңдаған адам түрлі өндірістік жарақат алған. Алайда шағымдар осы уақытқа дейін толық деңгейде қанағаттандырылмай отыр, - дейді қоғамдық қордың құрылтайшылары. Енді азаматтар өздерінің арыздарын арнайы сайтқа жіберіп, қор тарапынан тегін заңгерлік көмек ала алады.

Серік Ақылбай, «QaraQar» қоғамдық қорының жетекшісі:

- Экологияны қатты бұзып отырған – осы өңірдегі «АрселорМиттал» компаниясы. Жылдан-жылға жағдай қиындап барады. Соны көре тұра біз жәбірленушілерге көмектесу үшін осы қорды құрып отырмыз. Жалғыз жәбірленушілер ғана емес, қазір онда істеп жатқан адамдардың өзінің кәсіби ауруларын мойындамай жатқан деректері бар. Тіпті мүгедектік бермей жұмыс істетіп жатыр. Солардың барлығына заңдық жағынан көмек жасаймыз. Тегін.