Ақтөбенің іргесіндегі Думан ауылының мәселесі көтерілді

Ақтөбенің іргесінде 6 жыл бұрын бой көтерген Думан ауылында сапалы жол мен таза су жоқ. Жұрт электр жарығына да жарымай отыр. Жергілікті билік мәселенің назарда екенін алға тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Думан ауылындағы алғашқы үйлер 2017 жылы пайда болған. Бүгінде 100 шақты баспана, мыңға жуық адам бар. Қазір тұрғындар көктемгі су тасқынының салдарын бастан кешіп отыр. Қырдан келген топан су шеттегі үйлерге кіріп бүлдірген. Ал ауылда аяқ алып жүретін жол жоқ. Айнала қалың батпаққа айналғандықтан, мектеп жасындағы балалардың да оқуға баруы қиындапты. 

Қарлығаш Жүнісова, Думан ауылының тұрғыны:

- Негізгі судың бәрі жоғары жақтан келеді. Менің үйім жиекте, сосын көршілерімнің үйлері де жиекте. Биыл бәрі суға кетті, фундаментке дейін көтерілді. Мына жолдың кесірінен автобус ішке кірмейді, 40-шы маршрут.

Ауылда жайлы тұру үшін тұрғындар бірнеше мәселенің шешілуін сұрап отыр. Ең алдымен, былтыр 2-3 көшеге ғана қиыршық тас төселіп, тоқтап қалған қарқынды жұмыстың жалғасуын тілейді. Ал ауылға кіретін орталық жолдың тақтайдай тегіс болуын талап етіп отыр. Себебі қоғамдық көлік те, оқушылар автобусы да басқа бағытпен қатынай алмайды.

- Су мәселесі. Жалғыз колонка. Ол да сынып қалады, оңдап алады әйтеуір. Жарық бар. Жарық трансформаторы, Екі-ақ трансформатор тұр екі жақта. Болды.

- Айтып келе жатқанымызға 3 жылдан асып кетті. Мына жер берілгелі осы ауылда тұрып жатырмыз. Келеді әкімнен адамдары. Уәде береді, береді де кетеді.

Ауылға ортақ мәселелерді тиісті мекемелерге талай жеткізген тұрғындар кезекті рет жиналды. Олардың мұң-мұқтажын тыңдауға әкімдік өкілдері келді. Нәтижесінде жол мен жарыққа қатысты шара қолға алынатын болды. Ал ауызсу қоры бұл маңда жоқ болғандықтан, ондаған шақырым қашықтықтағы Құндақтақыр кен орнынан тарту көзделіп отыр. Жоба ұзақ мерзімді болғандықтан, әзірге ауылға тағы бір құдық қазып бермек.  

Айбек Көпенов, Астана ауданының әкімі:

- Қазіргі кезде биылғы жылға конкурстық рәсімдеу қайта жүргізілетін болады, жолға байланысты. Ал енді жаңа тұрғындармен сөйлесіп, келісілді. «щебень» төсеу мәселесін біздер кезең-кезеңмен жүргізетін боламыз. Трансформатор мәселесі. Бұл жерде негізі екі трансформатор жұмыс істеп тұр. Қосымша 4 трансформатор қоюымыз керек.

Тұрғындар ауылға қатысты проблеманың биыл шешілеріне үмітті.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.