БҚО-да киіктер суатқа зәру

"Киіктер суатқа зәру". Батысқазақстандық ғалымдар ақбөкендердің байырғы мекенінде көл мен жыралар кеуіп кеткенін айтып, дабыл қағып отыр.

Су жоқ жерде шөп те болмай, ашатұяқтылар азық іздеп, ареалынан ақырындап шығып барады. Министрлік өкілімен кездескен жергілікті мамандар алдымен суаттарды қайта толтыру жайын ұсынды. Содан кейін ғана киіктердің санын реттеуге қатысты жобаларды пысықтау қажеті айтылды.

"Жайық өңіріндегі гидрологиялық ахуалдың нашарлауы киіктердің мекен ету ортасының өзгеруіне де әсер етіп жатыр". Ғалым Табылғали Сапаров осылай дейді. Ақбөкендердің байырғы ареалы болған Қамыс-Самар өлкесіндегі суаттар тақырға айналған. Тіршілік көзінің тапшылығы салдарынан жайылым да тарылған. Ашқұрсақ ақбөкендер амалсыз өзге атырапқа ығыса бастағаны байқалады.

Табылғали Сапаров, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

- Тек қана Қамыс-Самардың өзіне 200 млн текше метр су керек. Ал қазір бар болғаны 30-40 млн текше метр. Онымен біз шеше алмаймыз. Жайықты бөгеп тастау емес, тек қосымша шлюздер түсіреміз де, жан-жағынан су көтеріліп, жан-жағына аға береді. 150 күнде қосымша 350-400 млндай су кіреді екен. Сонда ол бәрін қамтиды. Соған олар (министрлік) неге бетбұрыс жасамай тұрғаны бізге түсініксіз.

Ержан Балтаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Бізде 70-тен астам гидротехникалық құрылымдар бар. Оның көбісінің тозығы жеткен. Оны қалыптастыру жұмыстары бар. Оған қаражаттар керек болады. Жыл да судың төмендеу мәселесі де бар. Ол судың деңгейін көтеру мәселесі бойынша Ресей мен Қазақстан арасында комиссиялар бар. Сол комиссияларға осы жұмыстардың барлығын жүргізіп, эксперттердің өз ойларын жеткізіп, сол бағытта жүйелі түрде жұмыс істеу керек.

Киіктердің байырғы мекенін қолайлы қалпына келтірген соң ғана олардың санын реттеуге көшуге болатыны айтылды. Қазір өңірде бір миллион шамасында ақбөкен болса, төлдеу маусымынан кейін олардың саны екі миллионға жуықтауы мүмкін. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қазыбай Бозымов ашатұяқтыларды өндіріске пайдаланатын уақыт жеткенін алға тартты.

Қазыбай Бозымов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

- Атқанда қан айналып, ет қарайып кетеді. Етті жеу өте қиын болады. Тормен ұстағанда керегін жібереміз, керек емесін қалдырамыз да бауыздаймыз. Яғни, қолда текесі қайсы, жас теке ме, жібереміз. Кәрі, қыста өліп қалатын теке ме, оны соямыз. Аналығын қараймыз, тісіне қараймыз, тұяқтарына қараймыз, сөйтеміз. Себебі біз қорықпауымыз керек. Киік бірінші туғанда бір лақ әкеледі. Екінші-үшінші туғанда киік әрі қарай егіздейді.

Жиында киіктердің шабындықты отап кетіп, шаруаларға шығын келтіріп жатқаны да сөз болды. Залал көлемін өтеудің тиімді тәсілі табылмай келеді. Ал алқапты сақтандыру жүйесі әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды болмағандықтан, ғалымдар оны қисынсыз деп таныды. Министрлік өкілдері ақбөкендердің саны, мекені, су мен жем-шөп қорына қатысты мәселелер енді халықаралық сарапшылармен бірге қайта пысықталатынын жеткізді.

Андрей Ким, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

- Казахстан подписал международную конвенцию/ Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау туралы халықаралық конвенсияға Қазақстан тарапынан қол қойылған. Киіктер де дәл осы санатқа жатады. Әлемдегі киіктердің 98%-і Қазақстанда мекендейді. Сондықтан оларды сақтау және санын реттеу бойынша әлем алдындағы жауапкершілігіміз тұр.

Халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтетін келелі кеңес алдағы мамыр айында осы Жайық өңірінде болады. Дәл сол айда киіктердің төлдеу маусымы басталмақ.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов